ҚҰҚЫҚТЫ ШЕКТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ

Петропавл қаласының аумағына жататын автожол учаскесінде жылдамдық режімін сақтамауға бола ма? Әлде бұл учаскеде жол-патрульдік полиция қызметкері тұрмаса да, ереже талабын бұзбаған дұрыс па? Пестрое көлінен жол-патрульдік полиция бекетіне дейін сағатына 60 шақырым жылдамдықпен ғана жүру қажет болса, неліктен Көкшетау қаласында дәл осындай жағдайда сағатына 80 шақырымға дейін жылдамдықпен жүру керек деген шектеу белгісі тұр? Облыстық мәслихатта өткен тыңдау барысында қоғамдық кеңестің мүшелері ішкі істер органдарының қызметкерлеріне осындай сұрақтар қойды.

– Бұл жерде ешқандай ауыл жоқ, жолдың екі жағына да көшеттер отырғызылған. Бірақ не себепті мұнда көліктер осындай жылдамдықпен жүруі керек? Жол жүру белгісін бұл учаскеге дейін де қоюға болмас па еді? – деп сұрады әкімшілік полиция басқармасының бастығы Болат Жексенбиновтен кеңес мүшелері.

Осы мәселемен қоғамдық кеңеске қаладағы жүргізушілер де жүгінген. Олар аталған учаскеде жылдамдық өлшегіш құралмен тұратын тәртіп сақшыларынан шаршағандарын айтып, шағымданған. Полицейлер бұл мәселені қарастырып, мүмкін болған жағдайда жылдамдық режімін сағатына 80 шақырымға дейін ұлғайтуға уәде берді.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыстық департаментінің басшысы Жандос Ермағамбетовтің айтуына қарағанда, ведомство тұтынушылардың құқығын қорғауға байланысты тұрақты мониторинг жүргізеді. Өткен жылы департамент бәсекелестік саласындағы заңбұзушылық фактісі бойынша жеті тексеріс өткізген. Монополистерге салынған айыппұл 11 миллион теңгені құрады. Ал үстіміздегі жылдың басынан бері нарық субъектілерінің өзара келісілген іс-қимыл фактісі бойынша екі тексеріс жүргізілуде.

– Нарық субъектілерінің мекен-жайына екі хабарлама жіберілді, оның ішінде “Севказэнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің үстемдік жағдайын теріс пайдаланған. Яғни, тәулік аймағы бойынша сараланған тариф жойылғаннан кейін тарифтер жеке кәсіпкерлерге заңды тұлға ретінде емес, жеке тұлғалар тұтынатын көлемде қолданылған, – деді Жандос Ермағамбетов.

Серіктестіктердің бұл әрекеттері кәсіпкерлердің заңды құқықтарын шектеуге әкеп соқтырған. Қолданған шаралар нәтижесінде субъекті талаптарды орындап, 903 жеке кәсіпкерге 40 миллион теңгеден астам ақша қайтарған.

Қоғамдық тыңдау барысында жосықсыз тауар жеткізушілерге қатысты мәселе де қаралды. Қандай да бір кемшілік байқалған жағдайда жауапқа өнімді шығарушы емес, оны өткізуші тартылады. Кеңес мүшелері бақылауға барлық орган мен қызметтерді тарту керек деген ұсыныс білдірді. Күзге жақын өңірімізге басқа елдер мен облыстардан жаппай тауар жеткізілгенде бұл мәселе тағы қаралмақ. Осы орайда, кеңес мүшесі, “Кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Надежда Дубовая жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерінің сапасына жауапкершілікпен қарайтынын атап айтты.

Бұдан басқа, тұтынушылардың құқығын қорғаушылар заң бұзушылыққа жол берген кінәлі кәсіпкерді таба алмай жиі әлекке түсетін көрінеді. “Қайсы кәсіпкерді кінәлауымыз керектігі туралы ақпарат жоқ. Біз әрқашан ымыраға келуге тырысамыз. Бірақ қай кәсіпкерге жүгіну керектігін білмейміз. Сатушыдан кәсіпкерді қалай табу керектігін сұрағанда, олар “Оны қайтесіз?” деп қысқа қайырады. Заң дұрыс жұмыс істемейді”, – дейді Надежда Дубовая.

Бизнесті қорғау керек, бірақ бұдан тұтынушылар зардап шекпегені жөн. Ал мемлекеттік қызметшілер қандай да бір кәсіпорында тексеріс жүргізу үшін бірқатар бюрократиялық шаралардан өтуі керек. Ал бұл кезде жосықсыз тауар өндіруші кемшіліктерді жасырып үлгеруі мүмкін. Осындай мәселелерді ешкімге нұқсан келтірмейтіндей етіп шешкен абзал.

Павел ПРИТОЛЮК,

журналист.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика