ҚОҒАМ ДЕРТІМЕН КҮРЕС

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, көп қаражат шоғырланған жерге тамырын жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Өкінішке қарай, бұл кесел біздің жас мемлекетімізді айналып өткен жоқ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауындағы негізгі басымдықтың бірі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету тақырыбына арналған болатын. Бұл маңызды құжатта сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударылады.

Бүгіндері мемлекеттік қызметшілер арасындағы осы дерттің тамырына балта шауып, алдын алу қажет. Бұл мақсатта облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде іс-шаралар жүргізу жоспарланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға байланысты бірқатар мәселелер арнайы отырыстарда талқыланады. Осы орайда, департаменттің мемлекеттік қызметшілеріне заңдардың жемқорлыққа байланысты негізгі баптары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жалпы ережелері түсіндірілді.

Тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру мақсатында департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды түсіндіру бойынша жұмыстар жолға қойылған. Мәселен, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері рейдтік тексеріс, дәріс, семинарлар мен “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырып, азаматтарды қабылдауға қатысты іс-шаралар өткізеді. Жоспарға сәйкес, жуырда олар Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл жиын мемлекеттік қызметті алу барысында кездесетін жемқорлық жайттарына арналды.

Сондай-ақ, әр тоқсан сайын департаменттегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті әзірлеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу жөніндегі тәжірибелік ұсыныстар басшылыққа алынады. Бір атап өтерлігі, 2016 жылы департаментте сыбайлас жемқорлық фактілері анықталып, үш маман жұмыстан шығарылса, биыл мұндай фактілер тіркелген жоқ. Бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

“Әдепті әдетке айналдыру”. Бұл – мемлекеттік қызметші ұстануы тиіс басты қағида. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 12-қадамына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары белгіленген Әдеп кодексінде: “Мен мемлекеттік қызметшімін!” – деген кез келген жанның әрекеті, тәртібі мінсіз болу қажеттілігі айтылған. Бүгінде аталған Кодекс аясында халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшінің әдепсіз әрекетінің алдын алуға бағытталған бірқатар шара жүзеге асуда. Осыған орай үстіміздегі жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген “Pocketbook” (қол кітапшасы) жарыққа шықты. Бұл кітапшада мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақыттағы, қызметтегі қарым-қатынас, әлеуметтік желілерде өзін дұрыс ұстау, бұқаралық ақпарат құралдарында, көпшілік алдында сөз сөйлеу және түрлі мүдделер қақтығысы туындаған жағдайлардың мысалдары келтірілген.

Дәулет ҚАСЕНОВ,

облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика