КӨП МҮМКІНДІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

Еліміздің Негізгі Заңында әр азаматтың білікті заң көмегін алу құқығы бар екені атап көрсетілген. Сол құқықты қамтамасыз ету үшін Әділет министрлігі 20 жыл бұрын қабылданып, осы күнге дейін еш өзгеріс енгізілмеген қолданыстағы “Адвокаттық қызмет туралы” Заңының негізінде “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заң жобасын әзірледі.

Кешенді заң жобасы мемлекет кепілдік берген заң көмегі, сондай-ақ, жеке тәжірибемен айналысушы заңгерлердің қызметі туралы нормалардан тұрады. Жүргізілген талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, бүгіндері заңгерлік кәсіп өкілдерінің заң көмегін көрсету сапасының төмендігі, адвокаттар мен жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің кейбір әрекеттерінен азаматтарды қорғау механизмінің жоқтығы, адвокаттардың тапшылығы, адвокаттар алқасының қызметінде айқындық пен адал бәсекелестіктің жоқтығы сияқты мәселелердің орын алуына байланысты, білікті заң көмегіне ие болу жөніндегі азаматтардың конституциялық құқығы толық сақталмай отыр. Сондықтан халықтың адвокаттық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар жобалық өзгерістер енгізілді, мәселен, кәсіпке тұру жолдарын оңтайландыру ұсынылды.

Қазір Қазақстанда жұмыс істейтін адвокаттардың саны төрт жарым мыңнан асады. Демек, елімізде бір адвокатқа 4 мыңға жуық азаматтан келеді. Ал батысеуропалық елдерде халықтың адвокаттық көмекпен қамтамасыз етілуінің сандық қатынасы – 1 адвокатқа 250-ден бастап 1 мың адамға дейін.

Адвокат кәсібіне кіру жарналарының мөлшері тым үлкен болғандықтан, бізде бұл істі қолға алуға әркім келісе бермейді. Сондықтан жаңа жобада бұл мүліктік тосқауылды жою қарастырылған. Осылайша, заң білімі бар адамдардың адвокат мәртебесін алуына қызығушылық тудырып, кейін олардың арасындағы бәсекелестікті арттырып, кәсіби деңгейлерін жетілдіруге жол ашу көзделіп отыр.

Германия, Франция, Польша сияқты бірқатар елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, адвокат көрсететін көмек ақысының тарифтік кестесі де әзірленбек. Тарифті назарға алған азаматтар заң көмегінің құнын болжап, анықтай алады және оның негізсіз артуын болдыртпайды. Сондай-ақ, сапасыз көмек көрсетілген жағдайда азаматтардың сақтандыру өтемақысын алу мүмкіндігі туады. Австрия, Ұлыбритания, Германия елдерінде қолданылатын бұл ұтымды әдіс бізде шамамен 2020 жылдан бастап енгізілмек. Өз кезегінде адвокаттар мен заң кеңесшілері де кәсіби жауапкершілікті сақтандыруы тиіс болады. Ол процессуалдық мерзімдерді өткізу, құжаттарды қате ресімдеу, кедергі келтіретін заңгерлік әрекеттердің салдары туралы клиентке хабарламау, оның құжаттарын жоғалту немесе бүлдіру, мәліметтерді заңсыз жариялау сияқты қателіктерге байқаусызда жол берген жағдайда жүзеге асырылады. Сонымен қатар сапасыз заң көмегін көрсеткен адвокаттарды жауапкершілікке тарту механизмі де жетілдірілмекші.

Алдағы уақытта бұлармен қоса “Pro bono” тәжірибесінің енгізілуіне, яғни халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына тегін көмек көрсету ісіне жіті көңіл бөлінеді.

Тәртіптік комиссиялар тәуелсіз және республикалық, аумақтық деңгейдегі адвокаттар алқасынан құралады. Комиссия құрамына алты адвокат, екі уәкілетті органның өкілі және қызметін доғарған екі судья кіреді деп жоспарланып отыр.

Адвокатураның сапалық құрамын ұстап тұру мақсатында аттестаттаудан өткізу тәртібі және адвокаттардың біліктілігін арттыру механизмі қайта қаралады. Ол үшін республикалық адвокаттар алқасына біліктілікті арттырудың тәртібі мен стандарттарын әзірлеп, бекіту бойынша өкілеттік беріліп, жыл сайынғы міндетті курстарды өткізіп отыру ісі тапсырылады.

Адвокатура қызметін жетілдіру, жедел заң көмегін көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында “Е-адвокатура” бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Оның мүмкіншіліктері статистикалық есептерді, мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша адвокаттар тізімін қалыптастыру, онлайн-кезекшіліктерді ұйымдастыру кезінде қолданылуы мүмкін. Алдағы уақытта оны өзге мемлекеттік органдар жүйелерімен біріктіру мәселесі қарастырылады.

Заң жобасының жеке тәжірибемен айналысушы заңгерлерге арналған бөлімі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Бүгінгі күні құқықтық көмек көрсету субъектілерінің барлығында, яғни нотариус, адвокат пен жеке сот орындаушыларында өздерінің бейінді заңдары бары белгілі. Ал жеке тәжірибемен айналысушы заңгерлердің қызмет көрсету саласы реттелмегені рас. Сондықтан бұдан былай заң кеңесшілері деп аталатын коммерциялық, жеке тәжірибемен айналысушы заңгерлердің қызметін реттеу ісі енгізілмек. Яғни, кәсіби қоғамдастықтың күшімен заң көмегін көрсету саласын дамытатын, өзін-өзі реттеу жүйесі құрылатын болады.

Заң көмегін көрсету субъектілерін өзін-өзі реттеу ұйымдарына – заң кеңесін беру палаталарына біріктіру жоспарланып отыр. Мұндай палаталар соттарда тұлғалардың мүдделерін қорғау арқылы заң көмегін көрсететін кәсіби заңгерлердің міндетті мүше болуы негізінде құрылады. Заң кеңесшілері өз еркімен палата құрамына кіру құқығына ие болады.

Заң кеңесшілері палатасының ұйымдастырушылық құрылымы алқалық, атқарушы органдарымен қатар, тексеру және тәртіптік комиссия сияқты арнайы органдарды құруды талап етеді. Қазақстан Республикасының заң көмегі туралы заңнама талаптарын, әдеп, заң көмегін көрсету стандарттарын бұзған жағдайда заң кеңесшілері палатасының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) түскен шағым-өтініштерді өздігінен қарауды қамтамасыз ету аталған тәртіптік комиссияны құрудың негізгі мақсаты болып табылады.

“Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заң жобасы қабылданған кезде, “Адвокаттық қызмет туралы” және “Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы” Заңдарының бірігуіне байланысты, олардың күші жойылады. Жаңа заңнама еліміздегі заң көмегінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік жасап, бірқатар ахуалдарды шешетініне кәміл сенеміз.

Ирина САҚТАНОВА,

облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы, Қазақстанның Заңгерлер одағының мүшесі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика