“ТҮНГІ СОТТЫҢ” ТИІМДІЛІГІ КӨП

“Түнгі соттар” қанатқақты жобасы азаматтардың құқықтарын қорғау, сот ісін жүргізуді жылдамдату мен жеңілдету мақсатына негізделген. Жоба тиімділігін талқылаған ел судьялары, адвокаттар, прокуратура, ішкі істер қызметі мен сақтандыру компанияларының өкілдері бастаманы бірауыздан қолдап отыр.

Жобаның мән-жайына тоқталар болсақ, істің “түнгі сотта” бірінші талқылаудан-ақ тез шешілуі, тараптардың одан әрі дау қууын тоқтатуға ықпал етеді. Шетелдік тәжірибе осыны көрсеткен. Яғни, бірнеше санаттағы істер жұмыс уақыты аяқталған соң, яғни сағат 18.30-дан 22.00-ге дейін қаралса, уақыт та үнемделмек, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істердің рәсімдері де біршама жеңілдетілетін болады. Мәселен, сот процестері ұзаққа созылса, көлік жүргізушілері кейде сақтандыру төлемдерінен құр қалып жатады. Жаңа жоба енгізілсе, жол-көлік оқиғасы орын алғаннан кейін сақтандыру компаниясына жүгіну мерзімі 72 күннен 3 күнге дейін кемиді деген болжам бар.

“Түнгі соттарда” негізінен жол қозғалысына қатысты құқық бұзушылықтар қаралады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, мұндай соттардың қарауына көші-қон заңнамасына, қоғамдық тәртіпке қатысты, ар-ожданға, адам құқығына қол сұғу сияқты істерді де енгізу туралы жоспар бар. Егер жасалған құқық бұзушылықтың жай-жапсарына қатысты түсінбеушліктер орын алмаса, тараптар келтірілген залалмен келіссе, сондай-ақ, істі жылдам қарауға қатысты өтініш берілген жағдайда мұндай істер екі кештің арасында ыңшыңсыз әрі жылдам шешілмек.

“Түнгі соттарды” құру идеясы осы жылдың ақпан айында Жоғарғы сот делегациясының Сингапурға сапарынан кейін пайда болған. Судьялар сингапурлықтардың түнгі соттар жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, оның Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бос­тандықтарының қорғалуын одан әрі жақсарту, яғни істің жылдам шешілуін қамтамасыз етудегі пайдасына көз жеткізген. Мысалы, Сингапурда түнгі соттар жол-көлік апаты мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты істерді сағат 18.00-ден бастап аптасына 4 рет қарайды екен.

Қанатқақты жоба Астана мен Алматы қалаларының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарынан бастап жүзеге асырылмақ.

Динара ТӨЛЕНГІТОВА,

облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика