ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТЕН ТУҒАН ЖАНЖАЛ

Былтырғы жылдың соңында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың ісі әдеп кеңесінде қаралып, көлік жүргізушісіне еңбекақыға қосымша заңсыз қаржы төлеп келгені үшін қатаң сөгіс жарияланған болатын. Бұл жолы департаменттің бұрынғы қойма меңгерушісі Гүлжан Рахматулина оның үстінен шағымданып, әдепке жатпайтын қылық танытқанын айтқан. Бұл тәртіптік іс те әдеп кеңесінде қаралды.

Белгілі болғандай, жанжал мемлекеттік мекеме ғимаратының бірінші қабатында орналасқан Татьяна Горлованың кабинетінен жағымсыз иіс шығуынан басталған.

– Мен Гүлжан Рахматулинадан жай ғана қашанға дейін бұл иіспен дем алатынымызды сұрадым. Мекеме қызметкерлерінің жұмыс істеуіне тиісті жағдайды қамтамасыз етуді де өз міндетім деп білемін. Сондықтан Гүлжан Бүркітқызына талап қойдым. Осыған ұқсас жағдай біздің мекемеде 2016 жылы да орын алған болатын, – деді Татьяна Горлова.

Алайда, Гүлжан Рахматулина бұл сөздермен келіспей, департаментте жұмыс істей бастаған 2015 жылдан бері өз міндетін жақсы атқарып келгенін және бұл үшін осыған дейін бірнеше рет марапатталғанын да айтты. Жағымсыз иіс сезіле салысымен, сантехникті шақырып, себебін анықтауға кіріскен. Татьяна Горлованың кабинетінің астынан мысықтың өлексесін тауып алғаннан кейін иіс бірден жойылған. “Иістің қай жерден шығып жатқанын анықтау үшін уақыт қажет болды. Алайда, бұл жайт Татьяна Горлова айтқандай, бір аптаға созылған жоқ. Екінші күні-ақ таптық”, – деді ол. Сантехникке мекеме қызметкерлерін жағымсыз иістен құтқарғаны үшін сыйақы да беріліпті. Гүлжан Рахматулинаның айтуынша, осы оқиғадан кейін аяқтан шалулар басталып, жұмыс істеу мүмкін болмаған. Басшылықтың қысымына шыдамай, жұмыстан шығуына тура келіпті.

Істің анық-қанығын анықтау мақсатында төрт рет тексеріс жүргізіліп, департамент қызметкерлерінің пікірлері де сұралған

Гүлжан Рахматулина өңіріміздегі әдеп кеңесінің мүшелеріне сенімсіздік білдіргендіктен, тексерісті Ақмола облысынан келген қызметкерлер жүргізген. Нәтижесінде 10 қызметкердің екеуі ғана Татьяна Горлованың дауыс көтергенін растаған. Оның өзінде балағаттамағанына куәлік берген.

Департаменттің бөлім басшысы Денис Панченко: “Татьяна Горлова Гүлжан Рахматулинаға дауыс көтерді. Яғни, оның дауысы әдеттегіден қаттырақ шықты. Алайда, балағат сөз естіген жоқпын”, – десе, басқа бөлімнің басшысы Жәния Әбішева Татьяна Горлова мен Гүлжан Рахматулинаның дәліздегі әңгімесінің куәгері болғанын айтты. Оның сөзіне сенсек, Татьяна Горлова қатты айқайлаған. Ал Гүлжан Рахматулина жауап қайтармаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның облыстық департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров осындай тексерістерді басқа өңір мамандарының жүргізуі облыстық әдеп кеңесінің беделіне нұқсан келтіретінін айтты.

Тексеріс қорытындысын талқылаған кеңес мүшелері бірауыздан Татьяна Горловаға қатысты тәртіптік істі тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Ал департамент басшысына мекемедегі ахуалды түзеу, мамандардың арасындағы қарым-қатынасты реттеу қажеттігін ескертті.

Осыдан кейін жергілікті атқарушы органдардағы қызметтік тәртіп пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде Ақжар және Жамбыл аудандарының әкімдері Серікбай Тұралинов пен Иван Турков баяндады. Әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев бірнеше ескертулер жасап, жақын арада кемшіліктерді түзетуді тапсырды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің қызметкерлері “Жасырын сатып алушы” әдісі арқылы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті қызметкерлерінің жұмысын тексерген екен. Жиында департамент қызметкерлерімен болған әңгіме жазылған бейнежазба көрсетілді. Қызметкерлердің бірі мүгедек анасының ісі бойынша келген тұрғынды емханадан жолдамасы болмаса, кеңес бермейтіндерін айтып, қайтарып жіберген. Екіншісі: “Бұл кез келген адам кіріп, әңгімелесетін дүкен емес”, – деп дөрекілік танытқан. Әдеп кеңесінің мүшелері департамент басшысына осы жайттарды ескеріп, қызметкерлерінің міндетін дұрыс атқаруын қадағалау қажеттігін айтты.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова өзі басқаратын мекеме қызметкерлерінің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жөнінде атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы баяндады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика