СПОРТШЫНЫ АЯҒЫНАН АЙЫРҒАН

Облыс орталығында бір жылға жуық уақыт бойы қаралған аты-шулы істің нүктесі қойылды. Болашағынан зор үміт күттірген спортшы Ербол Хамитовты атып, аяғынан айырғандар тиісті жазаларын алды.

16-19 жас аралығындағы бес жігітке адам денсаулығына қасақана залал келтіру, ақша бопсалау, заңсыз қару ұстау және бұзақылық сияқты бірнеше бап бойынша айып тағылды.

Орны толмас өкінішке соқтырған оқиға өткен жылдың шілде айында болған. Кешкі уақытта қосымша табыс көзі ретінде ойын-сауық мекемелерінің бірінде күзет қызметшісі болып еңбек ететін Ербол жұмыс уақыты аяқталған соң, жақын маңда өзі сияқты түнгі клубта жұмыс істейтін досына барады. Сол күні би кешіне кіргісі келген жасөспірімдер мен Ерболдың арасында түсінбеушілік болып, соңы төбелеске ұласқан. Жігіттердің бірі тапаншадан оқ атып, Ерболдың қолын жаралайды.

Түнгі оқиға келесі күні жалғасын тапқан. Қызуқанды жігіттер Ерболды облыстық балалар ауруханасының маңына шақыртып алады. Алдын ала дайындықпен келген бір топ жігіт арам пиғылдарын бірден жүзеге асырады. Қас қағым сәтте шолақ мылтықтан атылған оқ спортшының аяғын жаралайды. Мұнымен қоймай, қансыраған аяғын құшақтап жата қалған жігіттің басынан ұрған. Дәрігерлердің жарақат алған аяқты тізеден төмен кесуден басқа амалы қалмады. Болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Алғашқы эпизод бойынша үкім өткен жылдың қараша айында шығарылып, айыптылардың бірі шартты түрде жазасын алып, екіншісі сот залынан босатылғанды. Ұзақ уақытқа созылған екінші күн оқиғасына қатысты сот процесі де аяқталып, үкім шығарылды. Айыптылардың бірі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, іс жабық түрде өтті. Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот судьясы А.Абдолловты 5 жылға, Ә.Оразовты 6 жыл 1 айға, М.Оразаевты 3 жыл 3 айға, А.Мұқышевты 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Қылмыстық оқиғаға тағы бір қатысушы Т.Сүлейменовке 3 жылға шартты түрдегі жаза тағайындалып, ол сот залынан босатылды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика