ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС НӘТИЖЕЛІ

“Transparency International” ұйымы жыл сайын жүргізетін сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты зерттеу нәтижелерін жария етті. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

– “Transparency International” ұйымы бүкіл әлем бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейіне зерттеу жүргізеді. Еліміз былтыр 2016 жылмен салыстырғанда 9 сатыға жоғарылады. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдердің тобынан шықты. Бұл көрсеткіш елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижелі болғанын көрсетеді, – деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының алғашқы тоқсандағы жұмысын оның директоры Сабыр Ыбыраев қорытындылады. Бүгіндері филиалдағы мамандардың төртеуі ғылым кандидаты дәрежесіне ие болса, бір профессор, екі доцент және бес магистр жұмыс істейді. “Жыл басынан бері филиалда 4 қайта даярлау курсы өтіп, оған 95 адам қатысты. Ал біліктілікті арттыруға қатысты өткізілген 10 семинар 233 адамды қамтыды”, – деді Сабыр Ыбыраев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро департаменті тергеу басқармасының басшысы Асылбек Ыдырысовтың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында департамент облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 26 құқық бұзушылықты анықтаған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Оның 20-сы ауыр санаттағы заң бұзушылыққа жатады.

– Пара алу бойынша – тоғыз, бюджет қаржысын жымқыруға қатысты үш факті тіркелді. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында қаржы жымқыру фактілері анықталып, алты қылмыстық іс жүргізілуде. Департаменттің тергеушілері алғашқы тоқсанда алты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жіберді. Бүгінге дейін ол істердің біразына қатысты сот үкімі шығарылды. Мәселен, наурыз айында Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы қала тұрғынынан 55 мың теңге пара алған жерінде ұсталған болатын. Петропавл қалалық соты оны 3 млн. 300 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеп, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салды, – деді Асылбек Ыдырысов.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика