ЕКІ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СЕРГЕЛДЕҢ

Мардымсыз жалақыға қолдың қысқалығы қосылса, еселі еңбек еш болып, сан соқтырады. Балабақшаны жөндеп, жұмысын жолға қоюға деген талпыныстары үшін істі болып, үй-күйінен айырылып, беделіне нұқсан келген Нұржамал Нұрғалиева әділдікке қол жеткізіп, Жоғарғы сотта жеңсе де, көңілі күпті. Ол жала жауып, күйе жаққан тергеушіге өкпелі. Балабақшаны дұрыс жұмыс істетіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне жауапты органдардың немкеттілігіне наразы. Жамбыл аудандық соты 2016 жылдың ақпан айында Нұржамал Нұрғалиеваны бірнеше бап бойынша кінәлі деп танып, бір миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттеген болатын.

Жамбыл ауданы Пресновка ауылындағы “Айнагүл” балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Нұрғалиева бұл қызметті 2014 жылдан бері атқарып келген. Қаржыландыру жағы кемшіндеу бұл балғындар мекеніне аз-мұз қаражат тек тазалық құралдары мен кеңсе тауарлары үшін ғана бөлініпті. Ал білім және тәрбие беру мекемесіне жөндеу жұмыстары, жылыту жүйесін қайта қалпына келтіру сияқты жедел қаржыландыруды қажет ететін шаруалардың шашетектен шығын әкелетіні ескерілмеген. Аудандық соттың отырысында балабақшаның зәрулігін білім бөлімінің бухгалтері де растап: “Айнагүл” бөбекжай-бақшасынан линолеум алуға 139 мың теңге, қазандыққа 833 мың теңге, мұржаны орнатуға 981 мың теңге және логопед пен пеш жағушы штаттық бірліктеріне 294 мың теңгенің қаражаты керектігі жайында өтініш түскен болатын”, – деген. Алайда, аудандық мәслихат бюджетте қаржының жоқтығын алға тартып, бұл, өтінішті қанағаттандырмаған.

Балабақшаның жұтаң жағдайына көндігуді орынды деп таппаған меңгеруші мәселені өз күшімен шешуді жөн көреді. Балабақшаның жұмысшысы А.Уатаев басқа жаққа көшіп кетуіне байланысты жұмыстан шығу туралы өтініш жазғанда Нұржамал Нұрғалиева осы сәтті пайдалануға бел байлайды. Осылайша, А.Уатаевтан өтініш жазбауды және есепшотына түскен еңбекақыны мекеменің шаруашылық меңгерушісі Р.Аппақоваға беріп отыруды сұрайды. Осылайша, бұрынғы жұмысшының азын-аулақ жалақысына балабақшаны “жамап-жасқауға” кіріседі.

Қарамағындағы қызметкерлер арасында түсінбеушіліктер туындамас үшін балабақша меңгерушісі ақшаны өзі алмаған. Түскен қаржыны журналға тіркеп отырған шаруашылық меңгерушісі Р.Аппақова өз міндетіне сәйкес, әк, бояу, білікше, эмульсия сияқты балабақшаға керекті құралдарды сатып алып, жұмсалған қаржыны түбіртектермен растап отырған.

– 2014 жылдың қазан айындағы еңбекақы мұржа орнатуға жұмсалды. “Старт” дүкенінен қарызға линолеум алған болатынбыз. Қараша, желтоқсан айларындағы қаражатпен сол қарызымызды жаптық. 2015 жылдың қаңтар айындағы еңбекақыға Жаңа жылды атап өтуге қажетті ойыншықтар, шырша, өрт сөндіру жәшігіне құм, компьютерге ұзартқыш және эмульсия сатып алдық, – деген болатын бала-бақшаның бұрынғы меңгерушісі әр тиынның қайда жұмсалғаны жайында сот отырысында есеп бере отырып.

Нұржамал Нұрғалиева тергеуші оны сотқа дейінгі тергеу кезінде қорғаушыдан бас тартып, кінәні мойындап, ақшаны қайтаруға көндіргенін айтады. Талаптарды орындаса, істің тез аяқталатынына сенген әйел тергеушінің айтқандарын екі етпеген. Ал “қамқор” тергеуші А.Уатаевтың еңбекақысы балабақшаның қажеттілігіне жұмсалғанын дәлелдейтін дәйектерді іске қоса тіркеуді жөн көрмеген. Қаржылық құжаттар бойынша да ешқандай сараптама жасалмапты. Тергеуші “лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдаланды және қызметтік жалғандық жасады, 300 мың теңгеге жуық мемлекеттің қаражатын жымқырды” деген айып таққан кезде ғана Нұржамал қорғаушының көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.

Ұзаққа созылған сот процесінің алғашқы сатысы 2016 жылдың 19 ақпанында мәресіне жеткен. Жамбыл ауданының соты Нұржамал Нұрғалиеваны лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғаны және қызмет бабында жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Осылайша, балабақшаның бұрынғы меңгерушісі бір миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттеліп, мемлекеттік қызметпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылған болатын. Соттың апелляциялық сатысы аудандық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Жамбыл аудандық сотының үкімінде Н.Нұрғалиеваның заңсыз істері мекеменің қалыпты жұмысын бұзу арқылы мемлекеттің мүддесін қорғайтын заңға нұқсан келтірді делінген. Дұрыс қаржыландырылмаудың салдарынан Н.Нұрғалиева сияқты балалар үшін түрлі шараларға баруға мәжбүр болатын білім беру мекемелерінің басшыларын ешкім тыңдауға, түсінуге тырыспайтыны өкінішті. Сот материалдарын оқи отыра еріксіз осындай ойға келеді екенсің. Ал бұрынғы балабақша меңгерушісі сол кездегі күйзелісін сөзбен жеткізе алмайтынын айтады. Аудан тұрғындарының арасында өзін ұры сезінгені, ауыл мектебіне баратын кенже баласының уайымдап, өзімен бірге жылағаны әлі есінен кетер емес.

– “Жемқорды” ұстап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізбек болған “күрескерлердің” бұл әрекеті туған ауылдың игілігі үшін еңбек етіп, нәпақасын адал тауып жатқан менің абыройымды айрандай төгіп, шаңырағымды ойран етті. Тұрып жатқан үйімізді арзан бағаға сатып, қарызды жабуға мәжбүр болдық, – дейді Нұржамал көңіл қобалжуын жасыра алмай.

Тығырыққа тірелген отбасы аз уақыттың ішінде шамамен 2,5 миллион теңге тұратын үйді 1,5 миллионға сатып, айыппұл сомасын төлеп, облыс орталығына көшуге мәжбүр болған. Петропавлда пәтер жалдап күндерін көрген.

Күйзелсе де, күйінсе де әділдікке қол жеткізу үшін Нұржамал соңына дейін күреспекке бел буады. Оның қорғаушысы Нұрбақыт Теменовтің Жоғарғы сотқа берген арызы қанағаттандырылып, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұржамал Нұрғалиеваны кінәсіз деп тапты. “Нысанды жөндеуге бағытталған іс-әрекеттер өзі басқарып отырған мекеменің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталғандықтан, Н.Нұрғалиеваның іс-әрекеті балабақшаның мүддесіне қайшы деп есептелмейді”, – делінген Жоғарғы соттың қаулысында. Балабақша меңгерушісі 294 044 теңге көлеміндегі мемлекетке келтірген шығынды да заңсыз деп тапқан Жоғарғы соттың алқасы қылмыстық істер жөніндегі облыстық соттың үкімін жою, Н.Нұрғалиеваның әрекетінде қылмыстық құрам болмағандықтан, істі тоқтату туралы шешім шығарды.

Бүгінде материалдық және моральдық шығынды өндіруге дайындалып жатқан Н.Нұрғалиеваның екі жыл бойы көрген қорлығы аз емес. “Енді менің кезегім”, – дейді ол.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика