ТАТУЛАСТЫРУ — ТИІМДІ ТӘСІЛ

Америка Құрама Штаттарында дау-дамайдың 90 пайызы екі тараптың татуласуымен аяқталса, мына тұрған Еуропа елдерінде де кикілжіңдердің үштен екісі ортақ тіл табысумен тамамдалады екен. Біздің елде де медиация тәсілі енгізіле бастады. Бүгінде татуластыру тәртібі соттарда қолданылуда. Облыстық ауданаралық экономикалық сот пен Петропавл қалалық №2 сотында медиация кабинеттері ашылды.

Дау-жанжалды дабыра қылмай, ауыл-аймаққа сыйлы, сөзі өтетін ақсақалдарға, қара қылды қақ жарып, төрелігін айтатын билерге жүгіну қазақ тарихында ежелден бар. Қазақтың кең-байтақ даласында түрменің болмауы осының бір дәлелі. Сол дәстүр бүгінде қайтып оралғандай. Қоғам болған соң адамдар арасында ара-тұра дау тумай тұрмайды. Бірақ сол араздасқанның бәрін бірдей жазалау немесе түрмеге тоғыта беру жақсылыққа апармайды. Кейін екі жақ кектесіп, өмір бойы бір-біріне жау болып өтуі мүмкін.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов татуластыру тәсілінің тиімді тұстары өте көп екенін жеткізді. 2011 жылы қабылданған “Медиация туралы” Заң аясында облыста бүгінде 32 кәсіпқой медиатор жұмыс істеуде. Олар істі сотқа жеткізбей, араздасқан екі тарапты ымыраластырып жүр. Бұлардан бөлек үш жүзден астам әуесқой медиатор бар. Негізінен аузы дуалы ақсақалдардан құралған бұл топ та үй ішіндегі жанжалды сыртқа жаймай, тәртіпсіздерді сөзбен тезге салуда.

– Медиаторлар араздасқандардың ісін сотқа жеткізбей шешумен айналысатыны белгілі. Ал соттардың қабырғасында ашылған татуластыру кабинеттерінің тәртібі сәл өзгеше. Біз арыз-шағым сотқа түскеннен кейін іске кірісеміз. Соттың төрағасы тағайындаған татуластырушы судьялар екі тарапты медиация кабинеттеріне кіргізіп, ымыраға шақырады. Егер олар келісіп жатса, іс бейбіт келісім жасау, медиация тәртібімен шешу немесе партисипативтік тәсілмен реттеу жолдарымен аяқталады. Соттың мақсаты жазалау деген түсініктен арылуымыз керек, – деді Айдар Әскербекұлы.

Істі татуластыру тәсілімен шешу бірінші кезекте дауласушылардың да, судьялардың да алтын уақыттарын үнемдейді. Екі тарап ымыраласқан жағдайда іс 5 жұмыс күні ішінде аяқталады, ал сотқа жүгінсе, ол кей кездері 9 айға дейін созылып кетуі мүмкін. Екіншіден, тараптар татуласып жатса, мемлекетке төлеген баж салығы қайтарылады. Бұдан бөлек, адвокат жалдауға жұмсалатын, түрлі дәлел-айғақтар іздеуге кететін қаражат тағы бар. Және ең бастысы – отбасылардың ойраны шығып, ешкім жұмыстан қуылмайды, достық, бейбіт қатынас орнайды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика