ТӘРТІПСІЗДІ ЕҢБЕК ТҮЗЕЙДІ

Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес, сот шешімі бойынша қоғамдық жұмыстарға тартылған адам жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегін қоғамдық-пайдалы жұмыстарды орындауға міндеттеледі. Қоғамдық жұмыстарға тарту жаза түрлерінің бірі болып табылады. Жазаның бұл түрі мемлекет үшін де, сотталған адам үшін де тиімді. Себебі, айыпталушы үйреншікті өмір-салтынан, әлеуметтік-тұрмыстық, отбасылық жағдайларынан қол үзбей, бостандықта жүріп-ақ жазасын өтей алады. Онымен қоса, бұл арқылы жазаланушы өзі тұрып жатқан жергілікті жерді, қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына да үлесін қосады.

Былтыр сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысында жазаланушыларды қоғамдық жұмыстарға көптеп тарту қажеттігіне баса назар аударылған болатын. Судьялар бұл арқылы сотталушы қоғамнан ажырап қалмайтынын және соған орай ортаға бейімделуі жеңілдейтінін айтты. Бұған қоса, қоғамдық-пайдалы жұмысқа тартудың тәрбиелік те мәні бар екендігі сөзсіз.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері облыста 127 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш одан аз болғанын ескерсек, жазаның бұл түрін қолдануда өсім байқалады. Биыл қоғамдық жұмыстарға тартылғандардың орта жасы 28-де. Қоғамдық жұмыстарға, негізінен, есірткі, психотроптық және соған ұқсас заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен айналысқан, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкоголь мен есірткі пайдаланып, масаң күйде рөлге отырған немесе осындай адамдардың көлік құралын басқаруына жол берген адамдар тартылады. Араларында жолда жүру ережелерін бұзатындар жиі кездеседі. Мәселен, үш жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған М. есімді азамат ішімдік ішіп, рөлге отырған. Бұл әрекеті үшін ол 150 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылып, тағы үш жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылды.

Ауылдық жерлерде қоғамдық жұмыстарға тартылғандар жазаны өтеуге тұрғылықты мекенжайлары бойынша жіберіледі. Ал Петропавл қаласының аумағында тұратын сотталғандар үшжақты меморандум негізінде “Коммунхоз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеуге міндеттеледі. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы №511 бұйрығына сәйкес, сотталғандар қандай да бір арнайы дайындықты қажет етпейтін аумақты абаттандыруға байланысты қоғамдық-пайдалы жұмыстарға тартылады.

Қазақстан Республикасының Заңдарында көрсетілгендей, қоғамдық жұмыстар жүктi және үш жасқа дейiнгi жас балалары бар, елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған, алпыс үш жастағы және одан асқан ер адамдарға, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге және әскери қызметшілерге тағайындалмайды.

Биылғы наурыз айында А. және С. есімді азаматтар облыс орталығындағы “КанКан” мейманханасының жанынан өтіп бара жатып, жерден екі қағаз буманы тауып алады. Қызығушылық танытқан біреуі буманы жерден алып, ашып, ішінде жасыл түсті өсімдік тектес зат бар екенін көрген. Ал екіншісі мұның есірткі заты екенін біле тұра, заңсыз есірткі сақтау ниетімен оны қалтасына салып алған. Содан кейін үйіне қарай жүрген. Алайда, арам ойын іске асырып үлгерместен, оны жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, есірткі затын тәркілеген. Осы әрекеті үшін ол 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы заңсыз аң аулағандарға да қатысты қолданылады. Мәселен, былтырғы жылдың басында “Солтүстік Қазақстан облысының аңшылар мен балықшылар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Д.Рогачёв түлкілерді атуға рұқсат беретін жолдамамен елік атқан. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы №1458 қаулысымен бекітілген аң аулау ережесінің қосымшасына сәйкес, сібір елігін тек 20 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін ғана атуға рұқсат етіледі. Саналы түрде заңды ескермеген Д.Рогачёв Жамбыл аудандық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, бір жылға аңшылықпен айналысу құқығынан айырылды әрі 120 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ, оған сот үкімімен мемлекетке келтірген 100 АЕК көлеміндегі шығынның орнын толтыру міндеттеліп, оның жол таңдамайтын көлігі тәркіленді.

Қоғамдық жұмыстарға тартылған айыпталушы жазаны өтеуден жалтарған жағдайда, жергілікті атқарушы орган бұл жайлы пробация қызметіне хабарлауға міндетті. Жазаны өтеуден жалтаруға адамдардың дәлелсіз себептермен жұмысқа шықпауы, еңбек тәртібін бұзуы жатады. Ал еңбек тәртібін бұзу дегеніміз сотталған адамның жұмыс уақытында алкоголь, есірткі заттарын қолдануы, тапсырылған жұмысты орындамауы, өз еркімен жұмыс орнынан кетіп қалу, қасақана техникалық қауіпсіздік және санитарлық ережелерді бұзуы, қоғамдық жұмыстарды орындау барысында ұйымдарға материалдық зардап келтіру болып табылады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамдық жұмыстарға тарту жазасының тәрбиелік мәні зор. Олар бұл арқылы әрекеттерінің қате болғанын түсініп әрі қоғамға пайдасын тигізу мүмкіндігіне ие болады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика