ЕҢБЕКШІЛЕР МҮДДЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

10 маусымда аталып өтетін Қазақстан кәсіподақтары күніне орай облыс орталығында кәсіподақтар активінің салтанатты жиналысы өтті. Жиынға қатысушыларды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтап, бір топ салалық кәсіподақтар қызметкерлері мен әлеуметтік серіктестікті дамытуға үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Екі миллионнан астам еңбеккерді біріктірген кәсіподақтар федерациясы маусымның алғашқы онкүндігін өз жұмысының жылдық қорытындысын шығарып, кәсіподақтар қозғалысын насихаттап, белсенді қызметкерлеріне құрмет көрсетуге арнайды. Салтанатты шараны ашқан облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев ұйымның азаматтардың еңбек құқын қорғаудағы, әлеуметтік серіктестікті дамытудағы қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Ол өңірімізде осы күнге дейін үш мыңнан астам ұжымдық шарт жасалғанын және облыстық әкімдік, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасымен жасалған үшжақты келісімнің арқасында күрделі мәселелердің шешімін табу жеңілдей түскенін тілге тиек етті. Бүгінде облыстық кәсіподақ алдында кәсіпорындардағы еңбекақыны көтеру және қызметшілерге арналған сауықтыру орындарын ашу, кәсіподақ бірлестіктерінің бастауыш ұйымдармен жұмысын ширату міндеттері тұр.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев кәсіптік одақтар әлеуметтік бағдарламаларды және жұмыспен қамтуды, еңбек тәртібі мен қауіпсіздігін реттеуді жүзеге асыратын азаматтық институт рөлін атқарып отырғанын айтты.

– Өңірімізде бір мыңға жуық кәсіпорында кәсіподақ ұйымдары құрылған. Оларда еңбекақыны кешіктіру, техникалық қауіпсіздік ережелерін бұзу сияқты проблемалар орын алған жоқ, – деді ол.

Шара барысында қызметшілерге еңбек етуге тиісті жағдай ұйымдастырып, әлеуметтік серіктестіктің дамуына атсалысып жүрген “Молсервис” ЖШС-нің директоры Сергей Чепурко мен “Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату” АҚ-ның бас директоры Анатолий Казановскийге облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымовтың атынан жиынға қатысушыларды ақпараттық-талдау орталығының директоры Серікқали Мұқашев құттықтап, еңбегімен еленген кәсіподақ белсенділері мен ардагерлеріне федерация марапаттарын табыстады.

Астықты өлке атанған біздің өңіріміз үшін әрбір ауыл шаруашылығы қызметкерінің еңбегі маңызды. Мереке қарсаңында облысымызға ат басын тіреген “Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбубәкір Рақымжанов сала қызметкерлері мен бірқатар аудан әкімдеріне, кәсіпкерлер мен әлеуметтік серіктестерге және кәсіподақ ұйымдары өкілдеріне “Еңбек даңқы” төсбелгілерін табыс етті.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика