ЕСКЕРТУДЕН САБАҚ АЛДЫ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті биыл “Демеу” жеке коммерциялық емес мекемесімен, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Бірінші медиаорталық” ұйымының облыстық филиалымен, “The last hope” үкіметтік емес ұйымымен және “Жас Отан” жастар қанатымен бірлесіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бірлесіп талдау жүргізудің жоспарын бекіткен болатын. Соған орай үстіміздегі жылы департамент қызметшілері “жасырын тұтынушы” әдісін қолдана отырып, мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы бірқатар әкімшілік кедергілерді анықтады.

“Техникалық және кәсіптік білім туралы құжаттардың төлнұсқаларын беру” мемлекеттік қызмет түрінің көрсетілуіне талдау жүргізу үшін облыс орталығындағы бірнеше кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері таңдалды. Мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес, төлнұсқаны алу үшін алдымен өтініш толтырылып, жеке басты куәландыратын құжат ұсынылуы тиіс болды. Бұл қызмет түрі мемлекеттік корпорацияға құжаттар тапсырылғаннан кейінгі 20 күнтізбелік күн ішінде және тегін көрсетілуі керек. Талдау жұмыстары барысында департамент мамандары мемлекеттік қызмет көрсетушілер мен кеңес берушілер өтініштің неше күн ішінде орындалуы тиістігі жөнінен хабарсыз екенін анықтады. Мәселен, жасырын тұтынушы аталған мемлекеттік қызмет туралы кеңес алу барысында Петропавл машина жасау колледжінің маманы – 10 күн, қызмет көрсету колледжінікі 18 күнде дайын болатынын айтса, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде – 20 күн, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде 28 күн деген. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық және Солтүстік Қазақстан университеті колледждерінде қызмет алушылардан тізімде жоқ құжаттар талап етілген. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі мен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-техникалық колледжінде жасырын тұтынушыға жеке куәліксіз-ақ үшінші жақтан өтініш жазуды ұсынып, қызмет нәтижесін мерзімінен бұрын алуға болатынын айтқан. Ал Солтүстік Қазақстан университеті колледжінде тегін мемлекеттік қызмет үшін ақы сұраған. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермес үшін департамент қызметшілері облыстық білім басқармасына техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері басшылары мен мемлекеттік қызмет көрсетуші мамандарға өз міндеттерін түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс берді.

Психоневрологиялық және наркологиялық мекемелерден анықтама қағазын алуға шыққан жасырын тұтынушылар басқа келеңсіздіктерге тап болды. Психоневрологиялық диспансер мамандары кеңес беру жұмысын сапасыз орындағанымен қоса, өрескел сөйлескен. Өкінішке қарай, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің қызметшілері арасында да кәсіби сыпайылық жайында білмейтіндер бар. “Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау” мемлекеттік қызметін көрсетушілер “Мемлекеттік қызмет көрсету туралы” Заңға сәйкес қызмет алушыларға өз міндеттері жөнінде толық және анық ақпарат беруге міндетті. Алайда, департамент мамандары кеңес беру міндетін тиісінше атқармаған.

“Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау” мемлекеттік қызметінің көрсетілу процесіне талдау жүргізу үшін Петропавлдағы №2 халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұққан жасырын тұтынушы мамандардың өздері қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілмегеніне көз жеткізді. Орталықтың қызметшісі ақпаратты анықтау үшін әскери комиссариатқа барып келуге кеңес берген.

“Демеу” ұйымы Есіл және Тимирязев аудандарындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімдердің жұмысына талдау жүргізу барысында мекемеде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустың, ал қызметшілерде бірыңғай форма мен бейдждің жоқтығына назар аударған.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мамандары жасаған ескертулердің орындалу нәтижесін қайтадан бақылайды. Тегін қызмет үшін ақша талап етілген Солтүстік Қазақстан университеті колледжіне екінші рет барған кезде мамандар жұмысына қояр мін табылмады. Жасырын тұтынушы әдісімен жұмысты жыл соңына дейін жалғастыратын боламыз.

Жанат ЖҰМАБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі хатшылықтың меңгерушісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика