МӘМІЛЕ АЛАҢЫ

Петропавл қаласындағы облыстық ауданаралық экономикалық сот пен қалалық №2 сотта дау-дамайды сотқа дейін шешетін медиация кабинеттері ашылған болатын. Енді олардың қатарына облыстық сот қосылып, азаматтар дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, екіжақты бітімгершілікке келу мүмкіндігіне ие болды.

Кабинеттің қабырғалары ашық түстерге боялып, жарық бөлме ыңғайлы жиһаздармен жабдықталған. Яғни, бөлме кез келген адамға жылу сыйлайтындай етіп жасалған әрі сот залына қарағанда әлдеқайда жайлы. Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов атап өткендей, бұл кабинет келіспей жүрген екі жақтың бір үстел басында отырып, ымыраға келуіне жағдай жасамақ.

– Соттардың жұмысын жеңілдетіп, түрлі дауды жергілікті жерде шешуді көздеген “Медиация туралы” Заң 2011 жылы қабылданған еді. Оның мақсаты дауласушы тараптарды сотқа жеткізбей-ақ өзара бітімге келтіру болып табылады. Татуластыру рәсімдері жанжалды реттеуге, тараптар арасында қарым-қатынас орнатуға, дауды шешудің өзара тиімді жолын табуға бағытталған. Осы кабинет алдағы уақытта өңір азаматтары арасындағы өзара түсініспеушілікті жоятын, елдің бірлігін нығайтып, дауларды азайтатын орынға айналып, нәтижелі жұмыс атқарады деп сенемін, – деді облыстық соттың төрағасы Ерлан Жұмаханұлы.

Бүгіндері облыста отыздан астам кәсіпқой және үш жүзге жуық әуесқой медиатор табысты еңбек етуде. “Жалпы медиация курсы”, “Мамандандырылған медиация курсы” және “Медиаторлар жаттықтырушыларын даярлау курсы” атты оқу бағдарламаларынан өткен мамандар істі сотқа жеткізбей, қос тарапты татуластыруда.

Облыстық сот апелляциялық алқасының судьясы, медиатор Сәкен Тілегенов өзіне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді. Медиацияның оңтайлы жағы көп. Тәжірибе көрсеткендей, сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етсе, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды. Екі тарап ымыраласқан жағдайда іс 5 жұмыс күні ішінде, ал апелляциялық шағым 10 күн ішінде қаралады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика