ШЕТЕЛДЕН ЖҰМЫСШЫ ТАРТУ ТӘРТІБІ

Қазақстанға табыс табу үшін келген шетелдіктердің барлығы бірдей жалдамалы жұмысшы емес. Олардың арасында біздің елге арнайы квотамен келген, жоғары білімді мамандар да бар. Бұл санаттағылар өңіріміздегі әртүрлі компанияларда жұмыс істейді.

Былтыр шетел азаматтарының жұмыс күші ретінде облысымызға келіп, еңбек етуі үшін 64 квота бөлінді. Украина, Латвия, Түркия елдерінен келген мамандар, негізінен, қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы саласына қызметке қабылдануда. Заңның тиісті талаптары сақталған жағдайда шетелдік азаматтар қызметке кедергісіз орналасады. Дегенмен, кез келген жұмыс орнында шетелдік және отандық жұмысшылардың пайыздық арақатынасы сақталады.

Үстіміздегі жылдан бастап шетелдік жұмыс күшін ресімдеу шаралары жеңілдетілді. Енді квота жұмыс берушілердің сұранысын, жұмыссыз азаматтар санын, өткен жылғы шетел жұмыс күшін тарту тиімділігін ескере отырып, экономикалық қызмет түрлеріне қарай берілетін болады.

“Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және мерзімін ұзартқаны үшін алым мөлшерлемесін белгілеу туралы” Үкіметтің 2016 жылғы тамыздағы №459 қаулысына сәйкес, 2017 жылдан бастап алым мөлшері шамамен 137-250 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл – шет мемлекеттен жұмысшы тартқан мекеме ел бюджетіне ақша төлейді деген сөз. Әр маманның еңбек нарығында қажеттілігіне қарай салық мөлшері өзгеріп отырады. 2017 жылы шетелдік жұмыс күшінің есебінен бюджетке 2,85 млн. теңге қаржы құйылды.

Осы орайда, шетелдік жұмыс күшін тартуға ниет білдірген жергілікті жұмыс берушілерге тамыздың 1-іне дейін басқармаға келесі жылға шетелдік жұмыс күшіне қажеттіліктері жайлы хабарлаулары қажет екенін ескертеміз. Өтініштерді қабылдау “Е-лицензиялау” мемлекеттік дерекқоры” ақпараттық жүйесі арқылы немесе басқарманың кеңсесі арқылы жазбаша жүзеге асырылады. Рұқсаттар халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өкілетті орган бөлген квота шегінде беріледі.

Жаслан ЖИМАЛЕЕВ,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика