АДВОКАТТЫҢ ҚАРУЫ — ТӘУЕЛСІЗДІГІ

Кез келген құқықтық мемлекет, ең алдымен, заң үстемдігіне баса мән береді. Қоғамның жайлы да тыныш өмір сүруінің кепілі – осы заң. Адам құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға, бiлiктi заңгерлік көмек алуға мемлекет кепiлдiк берген және Конституциямызды басшылыққа ала отырып, азаматқа заң шеңберінде құқықтық көмек көрсететін адвокаттық қызметтің маңызы зор.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында талқыланып, қайта толықтырулар мен түзетулер енгізу үшін қайтарылды. Бұл құжатта адвокат қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жол ашатын бірқатар шаралар заңдық негізде шешімін таппақ. Бүгіндері елімізде адвокаттар санының жетіспеушілігі мәселесі де осы құжатта қарастырылмақ.

Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясатының тұжырымдамасында адвокаттардың негізгі рөлі азаматтарға заң шеңберінде көмек көрсетудің өзегі ретінде айқындалған. Ал жаңа заң жобасында тегін құқықтық көмек көрсетумен қатар, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, шетел тәжірибесіне сай адвокаттардың жауапкершілігін арттыру, бір реттік жарна көлемін қысқарту, тәртіптік комиссия құру міндеттері қойылып отыр. Дегенмен, қолданыстағы заңда адвокаттардың мәртебесі мен көптеген құқықтары шектелген. Құқықтық кепілдік жоқ, үнемі құқық қорғау органының қысымында жүретін адвокаттар енді құзырлы органға бағынышты болса, сенім білдірушілердің білікті заң көмегін алуын толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Қазір адвокаттар бұл мәселеге қатысты алаңдаулы. Себебі, адвокаттар өздері үшін емес, қорғайтын азаматтарының жағдайына алаңдайды.

Осы заң шеңберінде адвокаттар алқасына мүшелікке өту жарнасын алып тастау мәселесі де көтерілген. Адвокаттар алқасы қоғамдық ұйым болғандықтан, Үкіметтен оған қаржы бөлінбейді. Ал тиісті материалдық база болмаса, адвокаттың сапалы қызмет көрсетуі мүмкін емес. Адвокаттардың алғашқы жарналары алқаның материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын нығайтуға жұмсалады. Қазіргі таңда облыстық алқаға 186 адвокат мүше болып қабылданған. Бұл дегеніңіз – өңірімізде бір адвокатқа үш мың азаматтан келеді деген сөз. Өз қызметтерін бастар алдында бірреттік жарна төленеді. Оның сомасы 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 800 мың теңге шамасында. Ал енді жаңа заң бойынша бұл норманы алып тастау көзделіп отыр. Егер бұл төлем қысқартылса не алынып тасталса, қандай қаржымен алқа қажеттілігін өтейміз? Жаңа заң жобасын дайындаушылардың пікірінше, жас мамандардың бұл салаға келуіне жарнаның көптігі бөгет жасайтын көрінеді. Ал менің ойымша, адвокаттардың көп келуіне жарнаның көлемі емес, алқаның қылмыстық процесте дұрыс қорғалмауы кедергі. Жарнаның көлемін азайтпас бұрын адвокаттардың мәртебесін көтеру қажет.

Істерді алдын ала тергеуде, соттарда жүргізу үшін біздің өкілеттілігіміз адвокатура берген ордермен белгіленеді. Кейбір заңгерлер, депутаттар істерді жүргізуге ордердің қажет еместігін айтады. Бұл ереже туралы адвокаттар арасында қандай да бір келісім жоқ. Мен қылмыстық іске қатысуға құқық беретін құжат ретінде ордерді қалдыру керек деп ойлаймын. Себебі, тіркелген нөмірі мен мөрі бар әрбір ордерді біз облыстық адвокаттар алқасының заң кеңесінен аламыз. Әр ордер есепте тұрады. Заң кеңесі осы ордерлер арқылы адвокаттардың қызметі туралы ақпарат алып тұрады. Адвокаттардың істерді жүргізгенде ауысуын, түрлі себептермен қызметін тоқтатуын қадағалау үшін де ордердің болғаны жөн.

Азаматтық істерді жүргізу үшін кодексте белгіленгендей, адвокаттар соттарға ордермен қатар, азаматтың мүддесін қорғайтын сенімхат тапсырады. Сондықтан Парламентте сөз алған кейбір депутаттар мен мамандардың ордердің керек еместігі туралы уәжін де жоққа шығаруға болмас.

Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексте қылмыстық сот ісін жүргізу тіліне байланысты 30 бап көзделген. Жасыратыны жоқ, өңірімізде сот істерінің орыс тілінде жүргізілуі басым. Мемлекеттік тілдің біздің қоғамда рөлі жылдан-жылға артқанымен, ол тергеу, сот орындарында жетімнің күнін кешуде. Себебі, қылмыстық істер орыс тілінде тергеледі, сотқа жөнелтіледі, сот отырыстары да осы тілде өтеді.

Оның бір себебі, бізде мемлекеттік тілді меңгерген мамандар тапшы. Қазақ тілінде іс жүргізетін адвокаттардың санын саусақпен санауға болады.

Менің тәжірибемде мынадай бір жағдай орын алды. Ауыл балаларының арасында жанжал болып, бір жас жігіттің денсаулығына қасақана зиян келтірілген. Қылмыстық іс қозғалып, істі жүргізген тергеуші ауылға келіп, күдікті мен куәгерлерден қазақша түсінік алған. Бірақ хаттаманы орыс тілінде толтырған. Іс сотта қаралғанда куәгерлер тергеушіге жауапты қазақ тілінде бергенін растап, бұл ретте сот тілін жүргізу қағидасы бұзылғаны анықталды.

Заң жобасында адвокат көрсеткен заң көмегін есепке алу, оның көлемі мен оған төленетін ақы мөлшерін белгілеу, қорғау қызметіне кеткен шығынды өтеу мүмкіндігі жайлы айтылған. Бізге бұл ретте ол тарифтердің қандай өлшемдерге негізделіп айқындалатыны түсініксіз болып отыр. Өйткені, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің сипаты, мән-жайы әртүрлі. Қылмыстың жеңіл, орта, ауыр және аса ауыр түрлеріне қарай ұзақтығы әртүрлі процестер де бар. Сондықтан мұндағы төленетін ақы қорғаушы мен жәбірленуші арасында жасалатын келісімге, істің күрделі-жеңілдігіне қатысты болмақ.

Қылмыстық істі қозғайтын тергеуші, оны қадағалайтын прокуратура, үкім шығаратын сот, бәрі де мемлекеттік органға жатады. Күдіктіні тәуелсіз түрде қорғай алатын жалғыз тұлға – адвокат. Оның ең басты қаруы – тәуелсіздігі. Ол мемлекеттік органдарға жатпайтындықтан, азаматтарды сапалы әрі толыққанды қорғай алады. Егер адвокат сот процестерінің құқығы тең қатысушысы болса, азаматтардың құқығын қорғаудағы өзінің кәсіби міндетін сапалы орындар еді.

Сайран МОЛДАХМЕТОВ,

облыстық адвокаттар алқасының адвокаты.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика