ТАЛАП — ТҰРҒЫНДАР СЕНІМІН АҚТАУ

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі есеп тыңдалды.

Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаев жыл басынан бері ведомство қызметкерлері арасында тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүргізілген 102 рейд барысында 57 заңбұзушылық анықталғанын айтты. Оның 34-і – жол көлік ережелерін бұзу фактілері. Жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін ішкі талдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Соңғы екі жылда құрылымдық қызметкерлер арасында толық ротация жүргізіліпті. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарымен алдын алу және анықталған фактілерге қатысты бірлескен шешім қабылдау бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

Мақсатты жұмыстарға қарамастан, полицейлер арасында 7 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп отыр. Оның төртеуін бір қызметкер жасаған. Кінәлі тұлғалармен бірге олардың тікелей басшылары мен қызметке алуға ұсыным жасағандар да жауапқа тартылған. Үстіміздегі жылы арнайы комиссия шешімімен лауазымына сай емес деп танылған бес адам жұмыстан шығарылып, онының қызметі төмендетілген.

Биылғы жыл – ішкі істер органдарында кадрлық резерв жылы. Сондықтан мамандардың біліктілігі мен кәсіби деңгейін көтеруге көп мән берілуде. Облыс әкімі тұрғындар арасында ішкі істер органдары қызметкерлеріне деген сенімсіздік байқалатынын ескертті. “Оған “Ассамблея” корпоративтік қоры мен ішкі саясат басқармасының тұрғындар арасында жүргізген соңғы сауалнамасының нәтижесі де дәлел бола алады. Тұрғындардың дені құқық қорғау органдары ішінде полиция қызметкерлерін анағұрлым парақорлыққа бейім деп көрсеткен”, – деді өңір басшысы. Қапез Дәулетбаев жол полициясы мен тергеу қызметіндегілер сыбайлас жемқорлыққа қатысты ішкі талдаулар жүргізу нәтижесінде көп сынға ұшырайтынын мойындай отырып, тәуекел тобындағылармен тиісті жұмыс жүргізілетінін айтты. Мәселен, жол полицейлері жұмыс уақытында бейнекамералармен қамтамасыз етілген. Алайда, оның қаншалықты тиімді екені жөнінде әлі ешқандай қорытынды жоқ.

Құмар Ақсақалов тұрғындардың қырағылығы тәртіп сақшылары жұмысына көп пайдасын тигізетінін айта отырып, белсенді азаматтарды ынталандыру ісін де жақсартуды тапсырды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика