МЕМЛЕКЕТКЕ СЫЙЛЫҚ БЕРУ ТӘРТІБІ

Лауазымына немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелеріне жария түрде немесе ресми іс-шаралар кезінде берілген (тапсырылған), құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген он айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлық болып есептеледі және мемлекеттік мүліктің құрамына түседі, ол арнаулы мемлекеттік қорды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен және шарттармен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органдарға тапсырылады.

Арнаулы мемлекеттiк қордағы мүлікті өткізу Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңында көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып жүргiзiледi.

Жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар, сондай-ақ, көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдар білмей келіп түскен сыйлықтар, не олар өздерінің лауазымдық жағдайына, қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алған сыйлықтар, сондай-ақ, лауазымдық жағдайына байланысты, қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге жария түрде немесе ресми іс-шаралар кезінде берілген (тапсырылған) сыйлықтар уәкілетті органға, жергілікті атқарушы органға сыйлық алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде сатып алу не сатып алудан бас тарту туралы жазбаша хабарламаны қоса бере отырып, тізімдеме актісі бойынша тапсырылады.

Арнайы мемлекеттiк қорға тапсырылған сыйлықтарды есепке алуды, бағалауды және сақтауды уәкілетті орган жүзеге асырады. Жергілікті атқарушы органға тапсырылған сыйлықтар есепке алуды, сақтауды және бағалауды ұйымдастыру үшін уәкілетті органға берілуге тиіс. Жергілікті атқарушы орган уәкілетті органға тізімдеу актісіне қол қойылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде тиісті хабарлама жібереді. Мұндай уәкілетті орган біздің өңірімізде облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті болып табылады. 2016 жылы біздің департаментке құны 12 500 теңге болатын – екі, ал былтыр 210 700 теңгенің үш сыйлығы тапсырылды. Биыл түскен үш сыйлық 101 700 теңгеге бағаланды. Олардың бірқатары сатылса, қалғандары аукционға шығарылды.

Оксана ШАЙМАРДАНОВА,

облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика