КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚ — ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

Қоғамдық қауіпсіздік күзетінде тұратын тәртіп сақшыларынан жауапкершілік талап етіліп, кәсіби білімі, біліктілігі сақадай сай болғаны абзал. Бұл мақсатта облыстық ішкі істер департаментінде 2016 жылы құрылған әр полиция қызметкерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға, төтенше жағдайлардағы тактикалық іс-қимылдарын қалыптастыруға бағытталған арнайы даярлық басқармасының алар орны ерекше.

“Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы” Заңының сегіз тарауы толықтай құқық қорғау қызметкерлерінің атыс және арнайы құралдарды қолдануына арналған. Сондықтан біздің басқармамыздың мамандары облыстық және аудандық құқық қорғаушылардың қызметін, атыс қаруларын қолдану шеберлігін шыңдау жұмыстарын атқаруда. Бұл жауапты істі ұйымдастыру үшін тәжірибемен қатар, білім де қажет.

Облыстық ішкі істер департаментінің арнайы даярлық басқармасы полиция қызметкерлерінің жауынгерлік дайындық деңгейлерінің заман талабына сай болуын басты мақсат етеді. Басқарма құрылғалы бері өңіріміздің әр ауданынан 600-ден астам, ал биылғы жыл басынан бері 230 қызметкер білімі мен біліктілігін, жауынгерлік даярлығын жетілдіруге мүмкіндік алған.

Сабақтарға департаменттің басқарма, бөлім қызметкерлерімен бірге басқа қызмет салалары, яғни жол-патрульдік, учаскелік, кезекші бөлім полицейлері де қатысады. Басқарма қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын Ішкі істер министрлігінің арнайы даярлық департаменті Ақмола облысына қарасты Ақмол кентінде оқу-жаттығу курстарын ұйымдастырады. Дәстүрге айналған курстарға өңіріміздің инспекторлары да белсенді қатысып, шеберліктерін шыңдай түсті. Оқу-жаттығуларда 18 білікті маман ату, қоян-қолтық айқасу, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу шеберліктерін үйретумен қатар, теориялық дәрістер өткізеді. Оның ішінде аудандық, қалалық құрылымдық бөлімдерде арнайы инспекторларымыз бар. Алайда, аудандарда арнайы ататын тир мен спортпен шұғылданатын даярлық базасы жоқ екенін атап өту қажет. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Биыл біз оқу-жаттығуларды казармалық жағдайда өткізуді жоспарлап отырмыз. Жаттығулар кезінде кедергілерден өту, қылмыскерлерді ұстау, күдіктілерді тінту секілді әртүрлі кәсіби машықтарды үйренеді, қоян-қолтық күрестер өтеді. Ендігі мақсатымыз – қызметкерлердің мергендіктерін шыңдау.

Тир алаңына шыққан қызметкерге ерсілі-қарсылы жүгіріп, жаттығу жасап, кедергілерді өтіп, нысанаға дәл оқ ату міндеттелген. Яғни, тәртіп сақшылары кез келген сәтте қару мен әскери әдістерді қолданып, қорғануға дайын болуы қажет.

Оқу-жаттығуларымыз “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының стадионында өтіп, күш құрылымдарының арасында әр-түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде қалалық, облыстық құрама командаларға мүше бірнеше қызметкер тұрақты түрде жаттығады. Спорт кешені даярлыққа қатысты арнайы волейбол, баскетбол, футбол алаӊдарымен, 25 метрлік тирмен, заманауи құралдары бар жаттығу бөлмесімен жабдықталған.

Бүгінгі халықаралық, аймақтық ахуалдан, елімізде болған лаңкестік актілерден сабақ алып, полиция қызметкерлерінің арнайы даярлығын жоғары деңгейге көтеру қажеттігі туындап отыр. Осы себептен тәртіп сақшылары тәуліктің қай кезеңінде болсын, қарулы шабуылға дайын болуы тиіс. Бұл орайда облыстық ішкі істер департаменті арнайы даярлық басқармасының атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өту керек.

Сақшысы сақадай сай елдің ұйқысы тыныш, түтіні түзу ұшатыны белгілі. Біздің басқарманың басты мақсатының бірі – әр қызметкерге өзінің амандығы, өзгелердің қауіпсіздігі, Конституциямыздың кепілдігі оның кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде болған жағдайда ғана мүлтіксіз жүзеге асатынын ұғындыру.

Дамир БЕКМУРЗИН,

облыстық ішкі істер департаменті арнайы даярлық басқармасының бөлімше бастығы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика