ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Еліміздің заңнамалық құжатында көрсетілгендей, әлеуметтік желіде ұлттық-нәсілдік, діни араздықты тудыратын жазба таратқандарға елу айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Жыл басынан бері оннан астам облыс тұрғыны осындай тәртіп бұзушылықтар үшін айыппұл арқаласа, тағы бірнешеуі қылмыстық жазаға тартылды.

Ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл және облыстық дін істері басқармалары жат ағымдардың алдын алу мақсатында бірлесе жұмыс істейді. Соның өзінде заңды белшесінен басатындар аз емес. Биыл 14 әкімшілік іс қозғалса, оның 11-і діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды заңсыз таратқаны үшін жауапқа тартылды. Оларға елу айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

– Келеңсіздікке ұрынатындардың дені – жастар. Өйткені, олар көп уақытын ғаламторда өткізеді. “Whatsapp”, “Вконтакте”, “Инстаграмм” және тағы да басқа әлеуметтік желілер арқылы күмәнді топтарға тіркеліп, заң бұзушылыққа барады. Желіге біреу дінге қатысты жазба, мақала немесе сурет жіберсе, оны оқып, басқаға тарату арқылы теологиялық білімі жоқ азамат діни тұрғыда жалған ақпарат таратқан болып табылады, – дейді облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Роза Қасенова.

Мамандардың айтуынша, заңсыз таратылған материалдар Астана қаласында діни сараптамадан өтеді. Егер олар тыйым салынғандардың қатарына жатқызылса, таратушылар заң алдында жауап береді.

– Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес теріс ағымдарға итермелейтін жазба таратқандарға екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Үстіміздегі жылы әлеуметтік ұлттық-нәсілдік діни араздықты тудыру фактілері бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүруде. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық істер сотқа жіберіледі, – деді облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Спартак Қабденов.

Діннің атын жамылып, өз мүддесі үшін қоғамда іріткі салып, жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін жүргендер ерте ме, кеш пе жазасын алады. Сондықтан да тұрғындар шариғат жолдарын, ислам дінін көше кезген адамнан емес, мешіттегі имамнан үйренуі керек.

– Діннің атын жамылған жат ағымдардың ықпалында кетіп қалмау үшін жастарымызды, ең алдымен, діни білімді интернет желілерінен емес, сауатты мамандардан, имамдардан, ұстаздардан алуға шақырамыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы сайттары бар, – деді “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Аян Болатұлы.

Самат САПАРАЛЫ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика