ҚҰЖАТТАҒЫ ҚАТЕЛЕРДІ ТҮЗЕТУ

Азаматтардың туу, неке туралы куәліктерінде қате жіберілетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қателіктерді түзетуге бола ма және ол қалай істеледі деген сұрақтар да туындайды. Қате куәліктің өзінде ғана емес, азаматтық хал актілерінде де кетіп қалса ше? Мұндай жағдайларда не істеуге болатынын түсіндіріп көрейік.

Азаматтық хал актілері – тұлғаны жекешелендіретін және оның құқықтары мен міндеттерінің пайда болуы, тоқтатылуы туралы заңдастырылған мән-жайлар. Барлық азаматтық хал актілері (туу, некеге тұру және некені бұзу, әкелікті анықтау, асырап алу, тегін, аты-жөнін ауыстыру және өлім) азаматтық хал актілерін тіркеу органында мемлекеттік тіркеуге алынады. Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексінің 183-бабы мен Әділет министрінің “Апостилдеу және азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша сұрақтарға мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы” бұйрығында азаматтық хал актілер жазбасын түзеу, толықтыру, өзгерту тәртіптері қарастырылған. Азаматтық хал актілеріне түзетулер және толықтырулар, өзгерістер енгізу туралы өтініштер тұрғындардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуші органға немесе “Азаматтарға арналған үкімет” (ХҚКО) мемлекеттік корпорациясына беріледі. Өтінішті актілер толтырған азаматтың өзі тапсыруы қажет. Егер 18 жасқа толмаған баланың туу туралы куәлігінде қате жіберілсе, онда өтінішті оның ата-анасы немесе асырап алушысы, қамқоршысы, сондай-ақ, өзге де адамдар бере алады.

Өтінішке өзгерістер енгізілетін құжат, сондай-ақ, өзгерістер мен түзетулер енгізудің қажеттілігі мен оның негізді екенін растайтын құжат та қоса берілуі тиіс. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің “Апостилдеу және азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша сұрақтарға мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы” бұйрығына сәйкес өтінішті қарау мерзімі 15 күнтізбелік күннен 7 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Басқа мемлекеттік органдарға сұрау жолдау қажет болған жағдайда бұл мерзім 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Сонымен қатар ұсынылатын құжаттар тізімі де қысқартылды. Өйткені, 2008 жылдан кейінгі азаматтық хал актілерін тіркеу туралы ақпарат автоматты түрде “АХАТ ТП” ақпараттық жүйесінен шығарылады. Соған байланысты некеге тұру және туу туралы куәліктер талап етілмейді.

Мүдделі тұлғаға қатысты ешбір дау болмаған жағдайда ғана куәліктерге түзетулер және толықтырулар енгізіледі. Егер өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін себеп жеткіліксіз болса, бұл мәселе сотта қаралады. Азаматтық хал актілеріне түзету және өзгертулердің негізінде өтініш берушіге азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы жаңа куәлік беріледі.

Азаматтар туыстық қатынас фактісін анықтау мен түзетулер енгізудің тәртібін ажырата білуі тиіс. Мысалы, акт жазбасында және туу туралы куәлікте азаматтың аты “Жанат”, ал жеке куәлікте “Жаннат” деп көрсетілсе, азамат АХАТ органдарына акт жазбасына өзгерістер енгізу үшін жүгінгені жөн. Ал, мәселен, ата-ана туралы мәліметтер жеке куәлікте жазылғанмен сәйкес келмесе, онда туыстық қатынас фактісін анықтау үшін сотқа жүгіну қажет болады.

Азаматтарға АХАТ органдары табыстайтын құжаттар иесінің өзіне ғана емес, оның мұрагерлеріне қажет болуы мүмкін. Сондықтан кейін уақытты жоғалтпау үшін куәлікті рәсімдеу кезінде көрсетілген деректерді мұқият тексеріп алған жөн. Қате анықталған жағдайда дереу тіркеу органына жүгініңіз.

Елена ЕПИХИНА,

облыстық әділет департаментінің бас маманы, Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика