ТАТУЛАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ

Осыдан жеті жылдай бұрын Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданып, бұл бағытта елімізде азаматтардың құқығын қорғау саласында тындырымды істер атқарылып жатыр. Өңірімізде осындай бітімгершілік ісін одан әрі қолдау және жандандыру үшін кеше облыстық кәсіподақтар үйінде татуластыру орталығы салтанатты түрде ашылды.

Бұл шараға облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов, «Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев, салалық және ірі кәсіпорындар кәсіподақ комитеттерінің басшылары, құқық қорғау мен сот органдарының, сонымен қатар өңірлік этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен медиаторлар қатысты.

«Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде еліміздің тәуелсіздік жылдары өмірдің барлық салаларында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін тілге тиек етті. Құқық қорғау саласында да тиімді реформалар сәтті жүзеге асырылуда. Соның ішінде әртүрлі дауларды медиация жолымен шешудің тәсілін қолдану Қазақстанның өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуына жол ашады. Жұмысын бастағалы отырған татуластыру орталығы кәсіподақ мүшелерінің заңды мүдделері мен құқықтарын медиаторлардың көмегімен қорғауға үлес қоспақ. Бұл орталық облыстық сотпен жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде ашылып отыр.

– Бүгінгі күні жанжалды бітімгершілікпен шешу әдісін қолдану аясының кеңейтілуі және шиеленістің сот төрағалығынан тыс шешілу жолдарының дамуы мақсатында тиісті билік органдарымен бірлесіп облысымызда медиация кабинеттері ашылып, оларда кәсіби мамандармен қатар кәсіби емес медиаторлар қызмет атқаруда, – деді облыстық соттың төрағасы Ерлан Жұмаханұлы. Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік мекемелерге облыстық сот қолданатын медиациялық тәсілдің тиімді тұстарын түсіндіретін ақпараттық хатты жанжалдасып жатқан екі жаққа жіберу әдісін қолдану, сонымен қатар мемлекеттік қазынадан бұл сала мамандарына қаражат бөлу, әрі бұл әдісті шиеленісті шешудің тиімді жолы ретінде тұрғындарға жан-жақты түсіндіру ауадай қажет.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева мен «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік өкілдігінің директоры Әлия Рамазанова өңірімізде сотқа дейін бітімгершілік ісінің қалай дамып келе жатқанын әңгіме арқауына айналдырды. Бүгіндері облыс аумағында отыздан астам кәсіпқой және үш жүзге жуық кәсіпқой емес медиатор жұмыс істейді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика