БАСЫ ДАУҒА ҚАЛДЫ

Салық төлеушілердің жазбаша рұқсатынсыз құпия мәліметтерді адвокатқа берген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының басы дауға қалды. Осыған қатысты тәртіптік іс облыстық әдеп кеңесінің кезекті отырысында қаралды.

Белгілі болғандай, былтырғы маусым айында адвокат Жанболат Елеукин жеке тұлғалардың 2016-2017 жылдарға арналған мемлекеттік баж салығын төлеуіне қатысты ақпарат сұрап, департаментке өтінім жолдаған. Департаменттің бас маманы Айсұлу Садирова жеке тұлғаның жазбаша рұқсатын алмастан, салық құпиясы саналатын мәліметтерді адвокатқа жіберген. Оған департамент басшысының орынбасары Төлеген Қабдөшев пен басқарма басшысы Анар Адиева қол қойған. Осыған орай департамент мамандары құпия ақпаратты жариялады деп айыпталып, іс сотқа дейін жеткен екен. Алайда, қос тарапты тыңдаған кеңес мүшелері басшылардың әрекеті мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмейді деп отыр. Сондықтан істі тоқтату туралы шешім қабылдады.

Әдеп кеңесінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мемлекеттік қызметшілеріне қатысты тәртіптік істі қарау жоспарланған болатын. Талғат Әміржанов пен Серік Алтаев Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық экономика және қаржы, білім бөлімдерінің басшысы қызметін атқарып жүргенде аудандық комиссияның құрамында болып, жергілікті тұрғындарға негізсіз түрде баспана бөлуге қатысқан. Сөйтіп, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекет жасалған. Алайда, басшылар өз еріктерімен жұмыстан шығып кеткен. Осыған орай бұл тәртіптік іс тоқтатылды.

Әдеп кеңесінің төрайымы Елена Степаненко облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атына кеңеске шақырылған мемлекеттік қызметшілерді қызметінен босатқан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкіміне тәртіптік шара қолдану жөнінде ақпараттық хат жолдауды ұсынды. Ал осы ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Шалабаев ауырып қалуына байланысты тәртіптік іс кейінге қалдырылды. Ол осыған дейін де түрлі сылтау айтып, әдеп кеңесіне келмеген.

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегманов ауданда қызметтік тәртіпті нығайтып, сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттердің, әдеп талаптарын бұзудың алдын алу бағытында атқарылған және әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысы жөнінде баяндады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика