ӘР ЕҢБЕККЕРДІҢ МҮДДЕСІ НАЗАРДА

Бір кездері кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлі бәсеңдеп, кейбір ортада, тіпті, “кәсіподақ” ұғымының өзі ұмытыла бастағаны жасырын емес. Тек кейінгі жылдары ғана тың бастамалардың қолға алуының арқасында кәсіптік одақтарға деген көзқарас та өзгерді. Алайда, халықтың кәсіподаққа үміт артып, одан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы мәселелерді шешуде белсенділік күту әдеті бұрынғысынша сақталған.

Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы қазір он сегіз салалық кәсіподақтың басын біріктіріп отыр. Бүгінде кәсіподақ ұйымдарына мүше адамдардың саны екі миллионнан асады. Біздің облысымыздың кәсіподақтар орталығы елу мыңнан астам мүшесі бар білім, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, ауыл шаруашылығы, көлік, пошта байланысы салалық кәсіподақтары мен машина құрылысы, энергетика, темір жол кәсіподақ комитеттерінің жұмысын үйлестіреді. Бүгінгі таңда өңірімізде бір мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған

Еңбек адамының мүддесін қорғау – кез келген кәсіподақ органы жұмысының басты бағыты. “Жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс”, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, еліміздің беделді қоғамдық институты – кәсіподақтар федерациясы еңбек қарым-қатынастарындағы тұрақтылықты іс жүзінде нығайтуға және еңбек адамдарына лайықты өмірді қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.

Көпшілік экономистердің пайымынша, кәсіпорын жетекшілерінің еңбекақы мөлшері өз ұйымында тиімді менеджмент жүргізуге кедергі келтіреді. Сондықтан еңбеккерлер мен әкімшіліктің жалақылары арасындағы айырмашылықты біртіндеп қысқарту кәсіподақтардың жалпы еңбек қоғамын құру аясындағы стратегиялық міндеттерінің бірі болуда. Мұны қоғамның әлеуметтік жіктелуінің алдын алу десек те болады. Кәсіподақтар әрбір құрылымдағы қызметкерлердің кәсіби жетіліп, өсуіне жол берілуін де басты назарында ұстайды. Цифрлық экономика, әлеуметтік желілер, жаңа мамандықтар еңбек пен оның нәтижесі туралы бұрыннан қалыптасқан пікірлерді түбегейлі өзгертуде. Еңбек адамның абыройы мен жетістігінің өлшеміне айналуда. Сондықтан кәсіподақтар мен мемлекет тарапынан еңбеккерлер мәселесін алға қою жылдан-жылға терең маңызға ие болып келеді.

Қазақстан Республикасының “Кәсіби одақтар туралы” Заңына сәйкес кәсіподақтар азаматтардың еңбек және әлеуметтік мүдделеріне, сондай-ақ, еңбекпен қамту мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау ісіне қатысады. Мәселен, Еңбек кодексін әзірлеу кезінде негізінен кәсіподақтар федерациясы жасаған ұсыныстар қолдау тапты. Облыстық кәсіподақтар орталығында әлеуметтік мәселелер бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобасын қарастыратын заң қызметі жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Олар еңбек ұжымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, аудандарда кәсіподақ активтерін өткізіп, көпшілікті алаңдататын мәселелерді қаперіне алады. Заң жобаларын әзірлеушілер ұсынатын нұсқаларды талдау нәтижесінде жасаған олардың ұсыныстары үйлестіру кеңесінің отырыстарында, кейін федерация деңгейінде қаралады. Осындай тәртіп бойынша “Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы”, “Жер-асты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істейтін адамдарға арналған мемлекеттік арнаулы жәрдемақы туралы” Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс тобы жасаған ұсыныстардың қабылдануы негізінен мұндай топтың тиімділігін көрсетеді. Облыстық кәсіподақ ұйымдарының өндірістік кәсіпорындар саласындағы еңбекақыны міндетті түрде индекстеу, жалақы коэффицентін арттыратын сыйлықақы тағайындау жүйесін енгізу, өндірістік еңбек режімі бұзылған кезде еңбекақы мен өзге де материалдық қолдау түрлерін төлеу және тағы басқа мәселелер бойынша ұсынған 13 түзетуі қабылданды.

Меншік формасы мен ұйымдастырушылық-құқықтық құрылымындағы айырмашылықтарға қарамастан, әрбір кәсіпорынның басты міндеті жұмысшының өмірі мен денсаулығын сақтау болуы тиіс. Биылғы жыл кәсіподақтар федерациясында “Қауіпсіз еңбек жылы” болып жарияланып, бұл мақсат аясында біраз іс атқарылды. Федерация мен “Нұр Отан” партиясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде жасаған меморандумы кәсіподақтар жұмысына серпін бергенін атап өту қажет. Бұл меморандум қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерінің жүзеге асырылуын бақылайтын құралға айналды. Бұдан бөлек жергілікті кәсіподақтар ұсынысымен кәсіпорындарда еңбекті қорғау және қауіпсіздігін сақтау жұмысына қатысатын қосымша өндірістік кеңестер құру бастамасы да қолға алынған болатын. Сонымен қазіргі уақытта өңірімізде тұрақты қоғамдық бақылау жүргізетін 799 өндірістік кеңес құрамында 975 техникалық инспектор бар.

Кәсіподақтар орталығы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне белсене қатысады. Елбасының Жолдауы мен бес әлеуметтік бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге барынша атсалысты. Президент жұмысшылар әл-ауқатын көтеруге, еңбек қарым-қатынастарын жетілдіруге қатысты мәселелерді әрдайым алдыңғы орынға қойып келеді. Ол екінші әлеуметтік бастамасында жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынды. Осылайша, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығы азайтылады. Мұндай бастаманың нәтижесінде барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.

Елбасы Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор екенін атап өтті. Жұмысқа тұрған кез келген адам табысының көбейгенін, тұрақтылықты, еңбегінің қорғалуын қалайды. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық және еңбек шарты тиісінше орындалған жағдайда ғана нәтиже болатыны белгілі. Алайда, жұмысшылардың өз құқығын жете білмеуін пайдаланып, тиісті келісімшарттарды жасамайтын немесе оны мүлдем қажетсіз санайтын ұйымдар бар. Кейде жұмысшылардың өздері орнынан айырылып қалу қаупін ойлап, ұжымдық келісімшартты талап етпейді.

Жасырын және қалыптан тыс еңбек қатынастарын азайту, жұмысшылардың құқығы мен мүдделерін қорғау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп келеміз. “Еңбек келісімшартын жасаңыз!” республикалық акциясы аясында бұл жұмыс жандана түсті. Қоғамдық қабылдауларды да осы мәселеге арнаймыз. Шағымы бар адамдар кәсіподақ орталығында орналасқан “сенім жәшігін” де пайдалана алады. Ұжымдық келісімшарт мазмұнының сапалы болуына да баса назар аударамыз.

Бүгінгі таңда өңір кәсіпорындарының 63,5 пайызында ұжымдық келісімшарттар жасалған. Олардың саны 3656-ға жетіп отыр. Бұл кәсіподақ ұйымы құрылған кәсіпорындардың бәрінде де тиісті келісімшарттардың жасалғанын көрсетеді.

Қазіргі уақытта озық елдер тәжірибесіне сүйене отырып, кәсіпорындарда еңбек сапасының көрсеткіштерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұған жұмыс күні мен еңбек демалысының орташа ұзақтығы, қосымша әлеуметтік пакеттер, жұмыс беруші есебінен біліктілікті арттыру сынды мәліметтер енеді. Мұндай әлеуметтік индикаторлар сапалы еңбек үдерісін қалыптастырып, жұмысшы еңбегінің лайықты түрде бағалануына септігін тигізеді.

Кәсіподақ дегенде, көпшілікке әлі күнге шипажайға жолдама мен айсайынғы жарна туралы ой келетіні рас. Қорға түскен ақшадан жеңілдетілген бағамен жолдамалар сатып алынып, тарату ісі соңғы жылдары қайтадан жанданып жатыр. Кәсіподақтар федерациясы шипажайларға қолжетімділікті арттыру үшін бастауыш кәсіподақ ұйымдарына – 50 пайыздық, балалардың жазғы лагерьлердегі демалысы үшін 10-15 пайыздық жеңілдік ұсынады. Бұл еңбекақысы төмен адамдар үшін денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік береді. Шипажайлардағы ем-дом, демалыс бағасы шарықтап тұрғаны рас. Сондықтан тиімді ұсыныстар жасайтын шипажайлармен ынтымақтастық орнатуды қош көреміз. Мәселен, жуырда облысымыздың салалық кәсіподақтар өкілдері Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы “Щучинск” шипажайы ұсыныстарымен танысып қайтты. Енді оған еңбеккерлерді жіберіп тұру жағын ойластырып жатырмыз. Атап өту керек, биыл салалық білім кәсіподағы 315 адамға сауығуға жолдама берді, келер жылы шипажайға жолдамалар санын 500-ден арттыруды көздеп отыр.

Кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің айсайынғы жарналарының 65-70 пайызы бастауыш ұйымдарында қалады. Олар бұл қаржыны әлеуметтік төлемдер мен түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылуына жұмсайды. Қалған қаражат кәсіподақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуі үшін облыстық, республикалық деңгейдегі кәсіподақтарға жөнелтіледі.

Ерік НҰРАҚАЕВ,

“Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика