“ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТКЕ” ЖҮГІНУШІЛЕР КӨП

Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы “Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндiк сертификат беру” және “Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат беру” мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Бұл қызмет түрлері тікелей қызмет көрсетуші немесе “Электронды үкімет” www.egov.kz веб-порталы және “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынылады. Бүгінгі таңда көпшілік сертификат алудың тез әрі жеңіл жолын таңдап, электронды қызметті пайдаланғанды жөн санайды.

Үстіміздегі жылдың басынан қыркүйек айына дейін инспекция 43658 рұқсат беру құжатын ұсынды. Бұл көрсетілген мемлекеттік қызмет саны өткен жылмен салыстырғанда, сәйкес мерзім ішінде 15 мыңға артып отыр. Электронды форматта 38 мыңға жуық сертификат берілді, бұл барлық көрсетілген мемлекеттік қызмет түрлері санының 87 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін аумақтық инспекция қызмет түрлерінің 90 пайызынан көбін “Электронды үкімет” арқылы көрсететін болады.

Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттарын алу барынша жеңілдетілген. Құжатқа өтініш беру үшін қызмет алушы небары жеке куәлік пен жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін заңды тұлғаның өкiліне берген сенімхатты ұсынуы тиіс. Карантиндік сертификат құжаттар тапсырылғаннан кейін – үш, ал фитосанитариялық сертификат бес жұмыс күні ішінде дайын болады. Мұндай мемлекеттік қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Карантинге жатқызылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа тасымалдаушылар мен керісінше, сырттан тасымалдайтындардың назарына Кеден одағы комиссиясының 2010 жылдың 18 маусымындағы №318 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылау тәртібін жүзеге асыру ережелерінің сертификат мәселесіне қатысты тұстарын еске салуды жөн көріп отырмын. Бір елдің аумағынан екінші елдің аумағына тасымалданатын әрбір карантинге жатқызылатын өнім карантиндік фитосанитариялық бақылауға алынуы тиіс. Фитосанитариялық қадағалау жүргізетін уәкілетті органның лауазымды тұлғасы сырттан жоғары фитосанитариялық қаупі бар карантиндік тауарлар жеткізілген кезде өнімді жіберген мемлекеттің фитосанитариялық сертификатының түпнұсқасын өздеріне алып қалады. Каратиндік өнімдер бірнеше рет алдын ала ескертусіз жеткізілсе немесе қадағалаушы органның уәкілетті тұлғаларының назарына ұсынылмаса, жөнелтуші жақтағы өкілетті орган бұл жөнінен ескерту алғаннан кейін бір ай бойы өнім иесіне фитосанитариялық сертификат беруден бас тарта алады. Өнім жеткізілетін орын өзгерген жағдайларда ғана мұндай шара қолданылмайды.

Өнім иесі карантиндік өнімнің жеткізілетінін тиісті орын өкілдеріне кез келген мүмкіндікті қолдана отырып ескертуі тиіс. Және өнімді келіп жеткен уақыттан бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей фитосанитариялық бақылаудан өткізуге міндетті. Өйтпеген жағдайда өнім иесі сол елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Жоғары фитосанитариялық қаупі бар карантиндік өнім партиясына сәйкес сертификат ұсынылмаған жағдайда немесе ондағы мәліметтер көлік құжаттарындағы ақпаратпен сәйкес келмесе, қадағалаушы орган карантинге жатқызылатын өнім партиясын қайтарып жіберуге, тіпті, жоюға қатысты нұсқама бере алады. Мұндай шара фитосанитариялық құжат жасанды және жарамсыз болған жағдайда да қолданады. Сертификаттың мерзімі 30 күннен асып кетсе және оған өкілетті органның лауазымды тұлғасы растамаған өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе немесе өзге көліктің нөмірі көрсетілсе ол жарамсыз болып табылады. Экспортшылардың өз еріктерімен фитосанитариялық сертификаттарға өзгерістер енгізген жағдайлары орын алып тұрады. Мұндай әрекеттерге жол берілмеуі керектігін және ол үшін өнімдер келген жағына қайтарылып жіберіліп, оның иесі айыппұл төлеуге міндеттелетінін ескертеміз. Өйткені, сертификатты берген аумақтық инспекцияның өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлары ғана оған тиісті өзгерістер енгізе алады.

Ильмира ҚАЖЫМҰРАТОВА,

ҚР АШМ-нің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика