МЕМЛЕКЕТ ЖЕРІН МЕНШІГІНДЕЙ КӨРГЕН

Ақша десе алақаны қышып тұратын кейбіреулер заңды белшеден басып, оңай жолмен олжа табу түбі бір опық жегізетінін, жегені желім болып жабысатынын ойламайды-ау! Орда бұзар отыздан жаңа асқан шағында Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылдық округінің әкімі Уәлихан Байтөсовтің ел сенімін ақта деп тапсырған осынау жауапты қызметті бес жыл емес, айтар ауызға ұят, бес ай атқармай жатып қылмыстық жауапкершілікке тартылған жайы бар.

Өзінің қызметіне мүлдем қайшы келетін әрекет жасауға ол мынадай жағдайда барған. Үстіміздегі жылдың наурыз айының аяғында Байтөсовке өзі бұған дейін танып-білмейтін С.Қайыржанов деген келіп, кәсіпкерлік қызметпен айналыспақ ойы бар екендігін, доңғалақ жөндейтін орын салу үшін Прибрежное ауылының аумағынан жер телімін алғысы келетіндігін айтады. Әкім болса, Қайыржановқа бұл үшін қандай құжаттар дайындау қажеттігін түсіндіреді. Ауылдық округтің аумағынан бос жер телімін тауып алу қиын екендігін де жасырмайды. Кездесу мұнымен де аяқталмайды. Қайыржановтың тағы бір келгенінде әкім оған ешкім қажет деп таппаған жер телімін ұсынады. Себебі, ол жерді жылда көктем шыға су басып кететін көрінеді. Өтініш иесі әлгі жерге балшық төгіп көтеретіндігін айтып, келісетіндігін білдіреді. Бұл екеудің келесі кездесуі қаланың Интернационал көшесінде орналасқан “Урарту” дәмханасында өтеді. Міне, отырыс барысындағы қызу әңгіме үстінде ауылдық округтің әкімі Қайыржановқа жер алып беруге нақты жәрдемдесе алатындығын айтады. Сөз арасында мұндай шаруа жайдан-жай біте қоймайтындығын білдіреді. Тіпті, алақанды майлауға қаржы қажет екені де сөз болады. Дәмелі сома алғашында 500 мың теңге болып белгіленсе, кейін ол 300 мың теңгеге түсіріледі. Арада болған үш кездесуден кейін Қайыржанов әкімнің мына қылығын әшкерелеу үшін құқық қорғау органына шағымданады.

Бұл жерде айта кеткен жөн болар, жер телімін бөлу ауылдық округ әкімінің құзырына жатпайды. Онымен аудандық жер комиссиясы ғана айналысады. Ал ол мекемеге жер алуға қатысты құжаттар ауылдық округ әкімінің тікелей араласуымен дайындалып, өткізіледі. Айтқандай, қажет құжаттар араға көп уақыт салмай аталған бөлімге жіберіледі.

Сөйтіп 20 сәуір күні аудандық жер комиссиясының кезекті отырысы өтеді. Оған басқаларымен қатар, Прибрежное ауылдық округінің әкімі Уәлихан Байтөсов те шақырылады. Онда Қайыржановтың өтініші ешқандай кедергісіз қанағаттандырылады. Жиыннан соң аудандық жер комиссиясы шығарған хаттаманың көшірмесі ауылдық округтің әкіміне табыс етіледі.

Мұнымен іс біте қоймайды. 23 сәуір күні Қайыржанов алдын ала келісім бойынша өзінің жеңіл автокөлігімен кешкі сағат 8-дер шамасында Уәлихан Байтөсовтің үйіне келеді. Автокөліктің ішінде әкім хаттаманың көшірмесін Қайыржановтың қолына ұстатады және оған жер телімін алу жөнінде шешім қабылданғанын жеткізе тұрып, жоғарыда өзі айтқан 300 мың теңгені сұрайды. Ақыры не керек, 24 сәуір күні түсте “Урарту” дәмханасының ішінде 300 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде оны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның қызметкерлері қолға түсірді.

Осы қылмыстық істі қараған Қызылжар аудандық соты Прибрежное ауылдық округінің бұрынғы әкімі Уәлихан Байтөсовті Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, алған парасының 50 еселенген көлемінде, яғни 15 миллион теңге айыппұл салу жөнінде үкім шығарды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика