ЗАҢҒА БАҒЫНҒАН ҚОҒАМ ОЗАДЫ

Қазақстандағы әділет органдарының қалыптасу кезеңі кеңес дәуірінен бастау алады. 1919 жылдың 30 қыркүйегінде қазақ өлкесін басқарушы әскери-революциялық комитет әділет бөлімін құру туралы қаулы қабылдады. Содан бергі бір ғасырға жуық уақыт ішінде әділет органдары талай кезеңді өткеріп, бірнеше рет атауын да өзгертті.

1920 жылы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасымен бірге еліміздің аумағында халықтық комиссариаттар құрылды. Солардың ішінде жоғары беделге ие болғандардың бірі халықтық әділет комиссариаттары еді. 1946 жылы Қазақ КСР-нің Министрлер кеңесі құрамындағы Әділет министрлігі соттар мен нотариаттардың жұмысын ұйымдастыруға жетекшілік етеді әрі халық шаруашылығы саласында құқықтық насихат жүргізе бастайды. Кейінірек өңірлік деңгейде сот жұмысын ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын әділет бөлімдері құрылады. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай бөлім 1971 жылы еңбекші халық депутаттары кеңесінің өңірлік атқару комитеті жанында жұмыс істей бастады. Оның алғашқы басшысы Мағзұм Әлжанов болды.

1988 жылдың тамыз айында облыстық атқару комитетінің шешімімен өңіріміздің әділет бөлімі таратылып, оның орнына әділет басқармасы ашылды. Осы тұста АХАЖ қызметі де әділет басқармасы құзыретіне өткен болатын.

Еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап құқықтық мемлекет құру мен азаматтық қоғамды дамытудың негіздері мен қағидаттары түбегейлі өзгере бастады. Өзге мемлекеттік органдар сияқты әділет органдарының жүйесіне де көптеген жаңашылдықтар енгізілді. 1993 жылдан бастап оған нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу, ал одан кейін заңды тұлғаларды және филиалдар мен өкілеттерді есептік тіркеу міндеттері жүктелді. 2004 жылы аудандық және қалалық әділет бөлімдері – басқарма, ал әділет басқармалары департамент болып өзгертіліп, оларға азаматтарды құжаттандыру, жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу және тіркелген құқықтар мен атқарушылық құжаттардың орындалуы туралы ақпараттық қызмет көрсету міндеттері тапсырылды. Осы кезеңде мемлекеттік мекемелерде “бір терезе” қағидаты бойынша тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарын құру жөнінен ауқымды шаралар қолға алынғаны да көпшіліктің есінде болар. Әділет министрлігі жанынан соттың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жеке сот орындаушылар институты да осы уақытта құрылған болатын.

2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Қазақстанның заңгерлер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, әрбір өңірде филиалдары ашылды. Біздің өңіріміздегі заңгерлер одағы филиалына әділет департаментінің басшысы төрағалық етіп, заңгерлер қоғамдастығы алдында тұрған өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуге ұйытқы болып келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының әділет органдарын кең ауқымды маңызы бар мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыратын көпфункционалды орган ретінде қарастыруға болады. Әділет қызметкерлері заңды тұлғаларды, жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық нормаларын мемлекеттік тіркеу, ресми құжаттарды апостильдеу, құқықтық насихат жүргізу, адвокаттар мен нотариустардың заңды және жеке тұлғаларға көрсететін қызмет сапасын бақылау, зияткерлік меншік құқығын қорғау, іс жүргізу құжаттарын орындау салаларындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, Қазақстан Республикасы заңнамаларында белгіленген өзге де міндеттерді орындайды.

Азаматтарға жоғары деңгейлі қызмет ұсыну – бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшіге қойылатын басты талаптардың бірі. Осы орайда біздің департаменттің облыс бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін органдар рейтингісінде алдыңғы орындарға ие болып жүргенін айта кеткім келеді.

Биыл әділет органдарының жұмысы елеулі өзгерістерге ұшырады. Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сәйкес азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсету процесін жеңілдету үшін әділет органдарының кейбір қызмет түрлері “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамына берілді. Мәселен, өткен айдан бастап жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу үшін тұрғындар мемлекеттік корпорация қызметіне жүгінетін болды. Алайда, болашақта мұндай шаралардың барлығы да электронды түрде жүзеге асырылады.

Үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында облыстық әділет органдарында 41303 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 35 мыңға жуығы – “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы, 16-сы – Е-лицензиялау жүйесі, 6828-і “Электронды үкімет” порталы арқылы ұсынылды. Бірқатар қызмет түрлерінің электронды форматқа көшірілуіне байланысты биыл “Электронды үкіметті” қолданушылардың саны артып отыр.

Біздің мамандар композитті және проактивті қызмет көрсету тәжірибесін де жетілдіріп келеді. Бұл қызмет түрлерінің арқасында бір өтініш берген адам бірнеше мемлекеттік қызметке ие болады. Мәселен, заңды тұлғаның “Электронды үкімет” веб-порталында шағын және орта бизнес субъектісін тіркеу кезінде банк есепшотын ашып, сақтандыру келісімшартын жасау мүмкіндігі бар.

Қазіргі уақытта әділет органдары зияткерлік меншік құқығын қорғау саласына қатысты тіркеу үдерістерін жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуде. Зияткерлік меншік нысандарын тіркеудің бірдеңгейлік жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл жөнінен сәйкес заң да қабылданды. Меншікке құқықты қорғауды қамтамасыз ету және сот актілерін жүзеге асыруға бағытталған сот шешімін орындау жүйесіне де жаңашылдық енгізілмек. Өткен жылы соттың ақпараттық жүйесі мүлікті тіркеу мәліметтерінің мемлекеттік базасымен біріктірілді. Соның арқасында бұдан былай жылжымайтын мүлікке тыйым салу немесе босату шараларын электронды форматта іске асыруға болады. Бұлар бір жыл ішінде енгізілген өзгерістердің аз бөлігі ғана. Қызмет көрсету үдерістерін, сонымен қатар жалпы әділет органдарының жұмысын жетілдіру жалғасатын болады. Әрине, мұндай өзгерістер сала қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін жетілдіріп, ақпараттық технологиялар заманы талаптарына икемді болуын қажет етеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заңгерлер кәсібінің маңыздылығы мен мемлекеттік деңгейдегі рөлін ескере отырып, 2011 жылдың қазан айында 30 қыркүйекті әділет органдары қызметкерлерінің күні етіп белгіледі. Бұл – барлық заңгерлер қоғамдастығы өкілдері үшін ортақ мереке. Өйткені, олардың азаматтық жауапкершілігі мен ұстанымы халықтың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғап, қоғам тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Әділет саласындағы қызметкерлердің елімізде құқықтық мәдениет пен құқықтық сананың қалыптасуына қосатын үлестері айрықша.

Дмитрий КОЛОДА,

облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика