БІТІМГЕ КЕЛУ — АТА ЖОЛЫ

Петропавлда “Ел ішінде дау көбейсе, ел шетінде жау көбейеді” деген тақырыппен “дөңгелек үстел” отырысы ұйымдастырылды. “Алтын Орда” мейрамханасында өткен алқалы жиынға Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, “Бірлесе даму” әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қоры” қоғамдық қорының президенті Нұргүл Қарағойшина, облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев, жергілікті судьялар мен медиаторлар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Нұргүл Қарағойшина жиналғандарды “Татуласу: сотқа дейін, сотта” жобасының мақсат-міндеттерімен таныстырды. Баяндамашының айтуынша, елімізде жыл сайын сотта қаралатын істер саны артып келеді. 2013 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сотқа түскен істер мен арыздар саны 2 есе, яғни 1,4 миллионнан 2,7 миллионға дейін өскен. Бұл көрсеткіш адам басына шаққанда әрбір төртінші азаматтың соттасып жүргенін білдіреді. Даудың көбі неке бұзу, баласын асырау үшін жұбайынан алимент өндіру сияқты отбасылық кикілжіңдер екен. Елімізде жаңадан үйленген әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып, неке бұзылуда. Дамыған елдерде жанжалдардың 80-90 пайызы бітімгершілікпен аяқталып, күрделі даулар ғана сотта қаралады екен. Ал елімізде медиация көмегімен шешілетін істер әлі де аз. Мысалы, өткен жылы өңір соттарында қаралған азаматтық істердің 524 мыңын бітімгершілікпен аяқтау мүмкіндігі болған. Өкінішке қарай, олардың тек 5,6 пайызы татуласу рәсімімен аяқталды.

Бұдан кейін сөз алған Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып бара жатқанын айтты.

– Ежелден сөзге тоқтаған дана халық едік. Ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып барамыз. Бүгінгі буын ұсақ-түйек даудан көз ашпауға айналғаны қынжылтады. Ата-бабамыздан мирас болған келісім мәдениеті өз мәнін жоғалтқандай. Жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, бітімгершілікпен, ымырамен шешудің маңызы зор, – деді Сағатбек Болатбекұлы.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов медиация дауды шешудің тиімді әдісі болып қала беретінін жеткізді. Өйткені, азаматтар біріншіден, қағазбастылықтан арылып, уақытын үнемдесе, екіншіден, дау-дамай тез шешіледі. Үстіміздегі жылдың 9 айында облыс соттарында қаралған 9530 азаматтық істің 902-сі ғана татуласу рәсімімен аяқталған.

Жиын соңында сөз алған зиялы қауым өкілдері де тұрмыстық ұсақ дауларды сотқа жеткізбей шешу керектігін айтып, бұрынғы билер институтын қайта жаңғыртып, жас ұрпақты соған сай тәрбиелеу керек деген ортақ ойға келді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика