ЖҰМЫСЫ КӨП, ЖАЛАҚЫСЫ АЗ

Петропавл қалалық әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінің үстінен шағым түсу толастар емес. Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында осы мәселенің басы ашылды.

Жиында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев мекемеде қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндама жасады.

– Жұмыста қателік жіберген қызметкерлер жазасыз қалмайды. Биыл әкімдікте жүргізілген ішкі бақылаудың нәтижесінде мамандардың “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Заңды бұзғаны анықталды. Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің төрт мемлекеттік қызметшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мерзімін бұзған тағы төрт маманға сөгіс жарияланды, – деді Қайролла Төлейұлы.

Әкімдікте маман тапшы. Қазіргі таңда 15 бос орын бар. Мұнда бөлім басшылары да қажет. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi басшысының орны өткен жылдан бері бос тұр. Содан бері оның міндетін сектор меңгерушісі атқаруда. Сол себепті мемлекеттік қызметшілердің жұмыс жүктемесі көбейген. Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін насихат жұмысы жүргізілуде. Конкурсқа қатысқан үміткерлердің бірі біліктілік талаптары бойынша өтпей қалса, кейбірі аттестациядан сүрінеді. Еңбекақы мөлшері де үміткерлердің көңілінен шыға бермейді. Мәселен, бас маманның орташа айлық жалақысы 68 мың теңгені құрайды. Сондықтан азаматтар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ниет танытпай отыр.

Отырыс барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрайымы Елена Степаненко өңірде заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін атап айтты. Тексерістің 35 пайызы қалалық әкімдікке тиесілі. Келіп түскен шағымдардың 13 -і расталған.

Кеңес мүшелері штаттық бірлікті қайтадан қарау ұсынысымен облыстық әкімдікке жүгіну керек деген тоқтамға келді.

– Мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру керек. Алдағы жылдан бастап еңбекақы факторлық-балдық жүйе бойынша тағайындалатын болады. Бұл қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыра түспек, – деді Елена Степаненко.

Отырыста әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығы өңіріміздегі мемлекеттік органдар тәртіптік комиссияларының үстіміздегі жылдың 9 айында атқарған қызметіне талдау жасады. Мамандарды тәртіптік жазалау рәсімі кезінде орын алған бұзушылықтар талқыланып, кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларына маманға тағылған жазаны мерзімінен бұрын алып тастауды жүйелеу керектігін ұсынды. Бұл шара қызметкерлердің тәртібін оң жолға қоюға септігін тигізбек.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика