ДАУ МҰРАТЫ - БІТІМ

“Ұрыс ырыс қашырар” деп білген ата-бабамыз қандай да бір дау туындай қалса, тараптарды татуластыруға тырысып баққан. Жанжалдасқандар да ақсақалдардың бәтуалы сөзін құп көріп, бітімге келген. Кейінгі ұрпақ та сол ғұрыптан үлгі алған. Бүгінгі таңда да елімізде тараптарды татуластыруға жан-жақты жағдай жасалуда.

Үстіміздегі жылдың көктем айында жарияланған Жоғарғы сот төрағасының Үндеуі дау-жанжалды реттеу мәдениетімізді ізгілендіре түсті. Сотқа арыз берген адамның біріншіден, қайта-қайта жұмыстан сұранып, жеке ісін ысырып қоюына тура келеді. Өйткені, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Екіншіден, бұл – үлкен шығын. Мемлекеттік баж салығын төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, адвокат жалдайсыз, жолға шашыласыз. Үшіншіден, екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз болса, арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. Сотқа бармастан бұрын ақылға келген жөн. Өйткені, сот табалдырығын аттағаннан кейін кейбіреулер ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, дауды шешуге болар еді ғой деп өкініп жатады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады.

Сот дау бойынша тараптарды татуластыруға көмек көрсетуге міндетті. Қазіргі таңда азаматтар соттағы және соттан тыс медиацияның, партисипативтік рәсімнің және татуластыру келісімінің арқасында бітімге келе алады. Облыс соттары Жоғарғы соттың жобаларын сәтті орындауда. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында өңір судьялары 9530 азаматтық істі қараса, оның 902-сінде татуластыру рәсімдері қолданылды. Нәтижесінде талапкерлерге 62 млн. теңгеден астам мемлекеттік баж салығы қайтарылды.

Облыс соттарында татуластыру рәсімдері бойынша екі қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. 2017 жылы іске қосылған “Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) сотқа дейін реттеуді енгізу” жобасына өңірдің азаматтық істерді қарайтын барлық соттары қатысуда. Бұл жобаның аясында соттарда 22 медиация кабинеті жұмыс істеуде. Жобада қарастырылғандай, әр іс бойынша тараптарға жазбаша хабарлама жолданады. Хабарламада судья татуластыру рәсімдерін қолдануға болатынын айтып, дауды жедел шешудің жолдарын көрсетеді. Осылайша, үстіміздегі жылдың тоғыз айында 312 азаматтық іс бойынша тараптар татуласты.

“Соттағы татуластыру рәсімдері” деп аталатын екінші жоба алғаш рет Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында қолданылды. Бұл жоба да істердің белгіленген санаттары бойынша жүзеге асырылады. Жоба оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібіндегі арыздарға, банк дауларына, сонымен бірге жауапкер басқа облыста тұратын жағдайларда қолданылмайды. Қалған арыздардың барлығы татуластырушы судьяға беріледі. Судья бес жұмыс күні ішінде тараптарды шақырып, татуластыру рәсімін өткізеді. Егер тараптар келісімге келген жағдайда, оны татуластырушы судья бекітеді. Егер тараптар келмесе, яки келіспесе, іс басқа судьяларға жалпы тәртіпте қарау үшін тапсырылады. Өңірімізде қанатқақты жоба облыстық сотта, Петропавл қаласының №2 сотында және мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта жүзеге асырылуда. Бұл соттарда арнайы үш медиация кабинеті ашылып, әрбіріне татуластырушы судьялар бекітілген. Кабинеттер жұмысқа қажетті техникамен және жиһазбен толық жабдықталып, судьяның тараптармен кездесуіне жайлы жағдай жасалған. Жобаның аясында соттарға қаңтар-қыркүйек айларында 956 талап-арыз келіп түссе, тараптар 460 іс бойынша татуластыру рәсімдеріне қатысты. Нәтижесінде 215 іс бітіммен аяқталды.

Облыстық сот татуластыру рәсімдерін дамыту мақсатында “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” , “Медиацияны дамыту орталығы” және “Содружество” Солтүстік Қазақстан медиация және құқық орталығы” қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-әрекет ету жөнінде бірнеше меморандумға қол қойды. Олардың аясында судьяларды медиативтік дағдыға үйрету үшін іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық соттың оқыту орталығында жарты жылдың ішінде кәсіби медиаторлар апта сайын семинар өткізді. Облыстық кәсіподақтар орталығында татуластыру орталығы ашылды. Бұл мекеменің жұмысы дауларды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған.

Татуластыру рәсімдері кеңінен насихатталуда. Татуластырушы судьялар мен кәсіби медиаторлар бірлесіп еңбек ұжымдарына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Киров атындағы зауыт”, “Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы” акционерлік қоғамдарында және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ғимаратында медиация кабинеттері ашылды. Сондай-ақ, аудандық әкімдіктерде де осындай кабинеттер пайдалануға берілді. Өңірде жұмыс істейтін 305 медиатордың 36-сы кәсіби, қалғаны кәсіби емес медиатор. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында олар 1400-ден астам медиативтік келісім жасады.

Татуластыру рәсімдерінің тиімділігін түсінген медиаторлар дауды бітіммен бітіруге мүдделілік танытып, аза­мат­тарға медиацияның тиім­ділігін түсіндіруге атса­лыса бастады. Үлестірме материалдар дайындалып, таратылды. Облыс және аудан орталықтарының көшелеріне билбордтар орнатылған. “Ашық есік күндері”, “дөңгелек үстелдер”, семинарлар өткізіледі. Осылайша, қанатқақты жобалар сәтті жүзеге асырылуда. “Ырыс баққан дау бақпас” демекші, тұрғындар татуластыру рәсімдерінің берекесін түсінсе игі.

Айдар СМАҒҰЛОВ,

облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика