“ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТЫҢ” ҚЫРСЫҒЫ

Өңіріміздің дамып, өркендеп келе жатқаны қаламыздың жақсара түскендігінен аңғарылуда. Соңғы бірер жылда облыс орталығының көз алдымызда адам танымастай көрікті кейіпке енуі көңіліңді қуантады. Соның жарқын мысалы – аз ғана уақыт ішінде өзгеріп сала берген “Жас Өркен” шағынауданы. Жаңадан салынған зәулім тұрғын үйлер, түрлі мақсаттағы заманауи ғимараттар көз қуантады.  

Бірақ қандай да бір құрылыс нысаны салынарда бүгінгі күннің талабына сай болуы қатаң ескерілуі тиіс. Сондықтан да облыс орталығының бірқатар көшелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізу қызу атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін көше бойларында қаланың келбетіне нұқсан келтіріп тұрған жүзге тарта сауда павильоны сүрілген.

Интернационал көшесінде, “Ассорти” базарына жапсарлас, сол жердегі аялдамамен қабаттастырыла орналасқан, жүргіншілердің жүріп-тұруына кедергі келтіретін 12 бутик бұзылған. Сол сауда нүктелерін бұзғанда кәсіпкерлер тарапынан реніш білдірілмегенімен, қарсы бетте орналасқан тоғыз жеке меншік сауда павильоны үшін бөлінген 28 жер телімін алу мәселесінде жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасында келіспеушілік туындаған. Бұл жердегі сауда орындары да жүруге ыңғайсыздық тудыратын. Соған қарамастан, жылы орындарынан айырылғылары келмейтін саудагерлердің билікке қоятын талаптары да жеңіл болмады. Бірақ қаланың келешегі үшін екі жақ келісіп, бүгінде сауда нүктелері бұзылатын болды.

Осы орайда, қаламызда сауда орындарын бейберекет салуға неге жол берілген деген орынды сұрақ туындайды. Бірнеше жыл бұрын орын алған мына бір фактіге тоқтала кетейін. Құрылыс жұмысында “қызыл сызық” деген термин бар. Бұл құрылыс нысандарын жөн жоқ, жоба жоқ, бейберекет сала беруге болмайтынын білдіреді.

Әңгіме қаланың Мир көшесінде орналасқан №3 моншаға қатысты. Облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің 2005 жылғы 1 сәуір күнгі санында, “Қызыл сызыққа” қызығушылар көп” деп аталатын (авторы өзім) мақала жарияланды. Онда осы моншаның дәл алдынан Светлана Седлецкая дегеннің дүкені салынып жатқаны жайлы жазылған болатын. Қалада жер жетпегендей, іші жайда қара көлеңке моншаның алдында құрылыс жүргізіліп жатқандығына кейістік білдірген оның иесі тиісті жерлерге хат жазған. Бұл жерден “қызыл сызық” өтетініне қарамастан, сәулет, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар және басқа да мекемелердің басшылары “құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады, бәрі тиісті нормаға сай, оған қатысты ешқандай тәртіп бұзуға жол берілмеген” деп біле тұра білместік таныта салған. Бұған қарағанда, Седлецкаяның осал әйел болмағаны ғой дейсің. Тағы бір қызығы, оның құрылысқа қатысты құжатында ол уақытша салынып жатқан нысан деп көрсетілген. Уақытша салынатын нысанның іргетасы жерге қазыла орнатылып, қабырғалары кірпішпен қалана ма?

Кейін осы мәселемен облыстық прокуратураның қызметкерлері айналысып, Седлецкаяның бұл әрекеті заңды белден басу деп таныды. Алайда, ол өз дегенін істеп тынды. “Медок” дүкені уақытша салынбапты, әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр.

Петропавл темір жол вокзалы аумағындағы “Бистро”, “Парадиз” және “Островок” дәмханаларын бұзу жөнінде де әңгіме қозғалды. Оның иелері де жылы орындарынан айырылғылары келмейтіндіктерін білдіріп жатыр. Олар бұл жерге қайта құру жұмыстары жүргізілетініне, яғни, қоғамдық көліктер қатынайтын жолдар жаңаша жоспарланатынына құлақ асқылары келмейді. Бірақ жергілікті билік олардың ырқына көне қоймас.

“Тайга” базарының алдында да аялдамаға жапсарлас, адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіретін сауда павильоны тұр. Оны көргенде де осы нысанды салуға кім рұқсат берді екен деп ойлайсың. Мұндай “қайырымдылықтың” арғы жағында не жатқаны түсінікті емес пе?! “Қызыл сызықты” пайда көзі еткен, құлқынның құлы болған кейбір басшылардың заң бұзуға арланбайтындықтарын көбіміз білеміз. Кезінде қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Денис Кузнецов парамен ұсталды. Одан кейін пара алу кезегін есімі өңірімізге танымал сәулетші, облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Валерий Затай алды. Ол өткен жылдың қыркүйек айында “Пирамида” сауда үйінің жанында 1,5 мың доллар көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Жегені желкесінен шыққан сәулетші алғанын 60 еселеп, яғни 30 миллион 690 мың теңге қылып төлеп, темір тордан аман қалды. Парақор басшының мұндай қылмысқа баруына қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің қызметкеріне құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беруі себеп болған. Кешікпей бұл қызмет сол басқармада бөлім басшысы болып қызмет атқарған Мұрат Абылаевқа жүктелген, көзіне не көрінгенін кім білсін, бұл сабаз да 300 мың теңге көлемінде пара аламын деп, жылы орнынан ұшып кетті.

Қала тұрғындары ала жіпті аттаған бұл сабаздарға “қызыл сызықтың” қырсығы тиді деп есептейді. Себебі, “қызыл сызық” бойына құрылыс жүргізуге болмайтынын, бұл қауіпті екенін, әрі жүріптұруға кедергі тудыратындықтан халықтың қарғысына қалатынын ескермеген..

Қошан ҚАЛИ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген автор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика