ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП КҮЗЕТІНДЕ

Облыстағы қоғамдық тәртіпке, қылмыстық атқару жүйесіне және төтенше жағдайларға жауап беретін учаскелік полиция инспекторлары есеп беруде. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов Қызылжар және Шал ақын аудандарындағы учаскелік полиция инспекторларының есепті кездесулеріне қатысты.

Тұрғындардан келіп түскен өтініш-тілектердің дені қоғамдық орындардағы тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қатысты. Полиция капитаны Ерлан Барбанов қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және уақытында ашу жайын баяндады. Қызылжар ауданындағы Бугровое ауылдық округінің құрамына кіретін бес елді мекенде 900 тұрғын бар. Жыл басынан бері округте 6 қылмыс, 58 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Облыстың бас полицейі инспекторға қылмыстарды ашу жұмысын ширатуды тапсырды.

– Қоғамдық тәртіптің берік орнығуы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты құқық қорғау органдарының қызметкерлері міндеттерін мінсіз атқаруы тиіс. Түскен шағымдарға жауап беру, істің ақ-қарасын анықтау, өзіне бекітілген аулалар мен көшелердегі қоғамдық тәртіпті қадағалау – учаскелік инспекторға жүктелген міндеттердің бір бөлігі ғана. Осындай кездесулер ауылдықтармен құқықтық тәртіп мәселесіндегі ұсыныстарды немесе ескертулерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Тұрғындардың пікірі – жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері үшін маңызды, – деп атап өтті Берік Біләлов.

Шал ақын ауданындағы Приишим ауылдық округінің учаскелік инспекторы Ринат Байсейітов те есеп берді. Полиция капитанының айтуынша, жергілікті жерде жағдай қалыпты, ауыр қылмыстар тіркелмеген. Алайда, қоғамдық тәртіпті бұзған 190 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушылықтың алдын алудағы тиімді әдіс – бейнебақылау екендігі белгілі. Өңірімізде ауылдық жерлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жергілікті атқарушы органдар белсене қатысуда. Мәселен, жергілікті кәсіпкердің көмегімен аталмыш округте 34 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камералар түсірген бейнежазба учаскелік полиция пунктіндегі компьютерге келіп түседі.

Есеп беру кездесуіне жиналған тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өтініш-тілектерін жеткізді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика