ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК — ҚОЛЖЕТІМДІ

“Прокуратура халық үшін” жобасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұрғындарды қабылдау орталығы ашылды. Осылайша, облыста құқықтық көмек көрсету жобалары кешені өз жұмысын бастады.

– Бүгінгі күні прокуратура құқықтық көмектің тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Жоба аясында ашылған орталық азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін жүйелі әрі сапалы қарауға мүмкіндік береді. Прокурорлар ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар өміріне ерекше көңіл аударуда. Сондықтан алғашқы көмек ауыл тұрғындарына көрсетілуде, – деді орталықтың ашылу рәсімінде облыс прокуроры Берік Асылов.

Аталмыш орталықта аудан тұрғындарына прокуратура саласына қатысты кез келген мәселе бойынша кеңес беріледі. Бұл жерде жеке және заңды тұлғалар кезекші прокурордың қабылдауында болып, Бас және облыстық прокуратура басшылығының қабылдауына жазыла алады. Өтініштердің қаралу барысы тұрғындарға қолжетімді болмақ әрі ол бойынша жауаптың көшірмесі де беріледі.

Алдағы қараша айында осындай орталықты облыстық прокуратура жанынан ашу жоспарланып отыр. Бұл жерде де тұрғындарға кешенді құқықтық көмек көрсетіледі. Келушілерді прокурорлармен қатар, құқық қорғаушылар, мемлекеттік тегін құқықтық көмек көрсететін медиаторлар қабылдайды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.