АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖЕТІЛДІРІЛМЕК

Бүгінде республика бойынша құзырлы органдарда 12 600 адвокат ресми түрде тіркелген. Алайда, солардың 35 пайызы ғана нақты жұмыс істейді. Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспасөз мәслихатында “Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек туралы” Заңның негізгі ережелері талқыланды.

Жаңа қабылданған заң тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

– Бұл заңда адвокаттық қызметті жетілдіру, адвокаттар тапшылығы мәселесін шешу жолдары қарастырылған. Адвокаттық кәсіпті қолжетімді ету үшін кіру төлемдері алынып тасталады. Ал адвокаттардың санының көбеюі олардың арасындағы өзара бәсекелестікті арттырып, кәсіби деңгейін көтеруге ынталандырары сөзсіз. Сонымен қатар Франция, Ұлыбритания, Америка Құрама Штатының тәжірибесіне сүйене отырып, жыл сайын адвокаттардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр. Себебі, бүгінгі күні құқықтық көмекке мұқтаж адамдардың саны артқанымен, талдау нәтижелері адвокаттардың бұл жағдайды шеше алмай отырғандығын көрсетті, – деді облыстық әділет департаментінің басшысы Руслан Кәктай.

Шетелдік “Pro bono” тәжірибесін енгізу, яғни халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына тегін құқықтық көмек көрсету жайлы заңгер Денис Левин баяндады. Қалалық мәслихаттың депутаты, “Қазақстан заңгерлер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Павел Афанасьев бұл заң жеке заңгерлердің құқықтық мәртебесін, құқығы мен міндеттерін айқындап, заңға сәйкес бекітуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Сонымен қатар құқықтық кеңесшілер палатасы түріндегі өзін-өзі реттеу ұйымдарын ашу да қарастырылуда. Құқықтық кеңес беретін заңгерлер палата құрамына қосыла алады. Бұл жерде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің тәртібі мен жалпы шарттары реттеледі. Соның ішінде көмектің бұл түрін алуға құқылы азаматтар анықталады. “Барлығы заң аясында реттеліп отырады. Жеке заңгерлер де адвокаттар сияқты сынақтан өтеді, мемлекетке салық төлейді, қаржылық кіріс және шығыс операцияларын ашық жариялап тұрады. Осылайша, олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру көзделген”, – деді Павел Афанасьев.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.