ГҮЛ САТЫП АЛЫП, АҚША ТӨЛЕУДІ “ҰМЫТҚАН”

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында сегіз мәселе қаралды.

Әуелі Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшеновтің құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы есебі тыңдалып, Әдеп кодексі мен мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көрсетілген талаптарды сақтауға қатысты жұмыстарды күшейту, облыстық әділет департаментінің сот орындаушыларының заңсыз әрекетіне түскен шағымдарды азайту жайы талқыланды.

Сонымен қатар облыстық әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкілі Дулат Тайшабай биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Ол бұл қызметке биылғы тамыз айында тағайындалған болатын. Оған жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызметі бойынша бірқатар ұсынымдар берілді.

Кеңес мүшелері облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Темірғали Әбілмәжіновке қатысты істі қарады. Орталық аппарат басшының жұмысын тексеру барысында бірқатар кемшіліктерді анықтапты. Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ақпаратты қараған кеңес мүшелері департамент басшысының колледжге лицензия беру әрекетінде өрескел тәртіп бұзушылықтың жоқтығына көз жеткізіп, басым дауыспен тәртіптік істі тоқтатуға шешім қабылдады.

Кеңесте қаралған келесі мәселе – Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Қанат Әленовке қатысты тәртіптік іс. Ол халықаралық әйелдер күні мерекесін тойлау кезінде 140 мың теңгеге гүл сатып алып, ақшасын төлеуді “ұмытып”, мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексі талаптарын бұзған. Осы “ұмытшақтығы” үшін кеңес мүшелері Қанат Болатұлына қатаң сөгіс жариялауға ұсыныс жасады.

Петропавл қалалық мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының орынбасары Сайран Исбулатов пен басқарманың құқықтық қамтамасыз ету және салықтық заңнаманы түсіндіру бөлімінің басшысы Әлия Талипова заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу барысында босаңдық танытқан. Яғни, 212 млн. теңгенің орнына, бар-жоғы 34 мың теңге айып салған. Қызметтік тергеу материалдарын қарап, мемлекеттік қызметшілердің түсініктемесін тыңдаған әдеп кеңесінің мүшелері олардың атқаратын лауазымына сәйкес келмейтінін айтып, тиісті тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Әдеп кеңесінде мемлекеттік органдарда өткізілетін “Құпия сатып алушы” әдісі бойынша қоғамдық бақылаудың нәтижесі баяндалды. Кеңес мүшелері бұл істегі оң динамиканы атап көрсетіп, аталмыш бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды ұсынды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.