bad credit personal loans
short term loans

Солтүстік Қазақстан газеті

“АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫДАН” АСЫП ТYСКЕН ҚАСІРЕТ

Печать PDF

№ 38 (21255) Cенбі, 31 наурыз 2012 жыл

argaiv1900

Қайролла МҰҚАНОВ, 
өлкетанушы, мәдениет қайраткері.

Тарихымызға сталинизм дәуірінде түскен қара дақтар өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін орны бос “ақтаңдақтарға” айналғаны белгілі. Сондай “ақтаңдақтардың” бірі – 1931-1932 жылдардағы қазақ даласын отап өткен аштық апаты. Оны елді аралап жүріп көздері көрген зиялы азаматтар Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатауллин, Муташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев, Емберген Алтынбеков халық тағдырына қабырғалары қайыса отырып, 1932 жылдың 4 шілдесінде “БК(б)П Өлкелік комитетіне, Голощекин жолдасқа” хат жазды. Онда былай делінген: “Бүгінгі Қазақстан – бұл 163 млн. сомның товарлы өнімін беретін, 40 млн. малы бар өлке” деп жаздыңыз сіз, Голощекин жолдас, 1930 жылы “Октябрь революциясының жеңістері” деген мақалаңызда. Бірақ қазір, сіздің мәлімдемеңізден 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кеміп кеткені әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлігі (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, жеке- меншікші орташалар мен кедейлердің ғана емес, сонымен бірге, негізінен алғанда, колхоздар мен колхозшылардың (ішінара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады” – дей келе, одан әрі: “VII партия конференциясында бекітілгендей егіс көлемін 14 млн. гектарға дейін жеткізудің орнына не бары 1 млн. гектарға көбейттік. Барлық жерде еңбекшілер бұқарасының материалдық әл-ауқатын жақсартудың орнына I бесжылдықтың соңғы жылында көптеген қазақ және кейбір орыс аудандарында нағыз аштыққа тап болдық... Қазақстанның толып жатқан аудандарын аштық жайлады...”.

 


Шын жағдайды әшкерелеп, шырылдай айтқан бұл хат (тарихта “Бесеудің хаты” деп аталып қалған) кейіннен өз авторларына соққы болып тиді. Оларға Өлкелік комитет пен республика басшылығының беделіне нұқсан келтіруді көздеген оңшыл оппортунистік топ деген айып тағылып, 1932 жылғы 15 шілдеде Өлкелік партия комитетінің бюросы арнайы қаулы қабылдап, аяулы азаматтарымыз ұлтшыл деп танылды.
Қазақстандағы аштықпен белсене күрескен партия қайраткерлерінің бірі – сол кездегі РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, халқын қызғыштай қорғаған есіл ер Тұрар Рысқұлов Сталинге екі мәрте хат жолдап, Қазақстан жұртының басына түскен нәубетті ашық жазды. Кейін ол “халық жауы” атанып, тоталитаризм режімінің құрбаны болды.
Белгілі жазушы, көсемсөзші Смағұл Елубаев “Нәубет” атты мақаласында: “Күн көріп отырған малынан айрылмау үшін, үйренбеген кәсібі – отырықшылыққа көшіп, “жер шұқымау үшін” ен далада еркін өскен халық қарсыласты, тулады. Бірақ өкіметтің аты өкімет. “Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан” деп белсенділер жүйткіді. “Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын”, – деп ұрандатты. 40 миллионнан астам мал санының 4 миллионға дейін құлдырауы сол асыра сілтеудің тікелей салдары еді. Күш жұмсап, еріксіз коллективке қуып тығудың, асыра сілтеудің нәтижесінде 1930 жылы Россияның қара топырақты аудандарында жеке шаруаны коллективтендіру 10% төңірегінде болғанда, Қазақстанда бұл көрсеткіш 64 пайызға ырғып бірақ шықты. Осындай ұр да жық асыра сілтеудің салдарынан қазақ шаруасы туған жерді тастап көршілес Россия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстанға және Қытай, Иран, Ауғанстанға қаша, көше бастады. Шаруашылықтың атам заманнан келе жатқан үйреншікті жүйесі бұзылып, жаңаша күнкөріс тәсіліне әлі төселмеген дала жұрты жаппай аштық апатына ұшырады”, – деп жазды.
Қазақтардың аштық кезіндегі аянышты халін Павлодар қаласындағы саяси тұрғыдан жер аударылғандардың 1932 жылғы 1 ақпанда КСРО Атқару Комитетінің Төралқасына жазған хатынан көреміз:
“Бұрынғы Павлодар дуанының халқы душар болған ашаршылықты үнсіз әрі әрекетсіз бақылаушы болып қала беруге хұқымыз жоқ деп есептей отырып, біз КСРО Үкіметінің орталық органдарына өтініш білдіруге мәжбүр болып отырмыз.
Ісініп кеткен және ескі-құсқы киген аш адамдар, көбінесе қазақтар шамамен алғанда бір жарым айдан бері Павлодарға аудандардан ағылып келіп жатыр. Қала соларға толып кетті. Адам айтқысыз қайыршылық етек алды. Әр үйге күн сайын ондаған аш адамдар келіп кетуде. Олардың арасынан әртүрлі жастардағы адамдарды: жастарды, кәрілерді, балаларды көруге болады. Қоқыс тасталатын жерлерде үйінділерден өздеріне қорек болатын тамақ тауып жеп жүрген аш адамдар қаптап кетті. Емдеу мекемелері аштан өлгендерге толды. Ашаршылықтың салдарынан жұқпалы аурулар тарады. Қала төңірегінде және қаланың өз ішінде үйілген, панасыз қалған және ашыққан адамдардың өліктері әрқашан табылып жатты. Мекемелерге үсікке ұрынған аш балаларды тастап кетушілер де бар. Лық толы балалар үйлері оларды қабылдай алмайды. Адасып қалған, тоңып жаураған балаларды қалада күн сайын ондап ұшыратасың. Аштыққа душар болғандар аудандардан Павлодар қаласына қарай шұбыруда. Әлсіреген адамдар жол бойында қазаға ұшырауда. Үйді-үйді аралап бір үзім нан сұрап жүрген аштардың айтуына қарағанда, бір ауылдар мен поселкелер қаңырап мүлде бос қалған...”.
Хат жазғандар: Павлодар қаласына саяси тұрғыдан жер аударылғандар Б.Иогансен, О.Селихова, П.Семенин, Ю.Побельский, А.Флегонтов.
Жазушы Өтебай Қанахин “Өз көзіммен көрдім” деген мақаласында былай деп жазыпты: “Сол тұста не көп – шаруаға салатын салық көп: ет, жүн, май, тері-терсекті айтпағанда, сүйек салығы, мүйіз-тұқай салығы, тіпті ит терісінің салығына дейін болғаны әлі есімде. Әкімдер мен өкілдер: “ет керек”, “жүн керек”, “астық керек”, “бәрін де орындау керек!” – деп ұрандатқанды ғана білді. Жоспар біткенді асыра орындаймыз деп жанталасқан олардың және жергілікті белсенділердің аузындағы сөзі: “Жерден қаз, көктен сау – бәрін тап!” немесе “Қайдан тапсаң одан тап: “қаптың түбін қақ!” зіркілдеген өкілдердің зорлап, қару асынған милициямен қорқытып, кедейдің жалғыз сиырын етке тапсырғанын көзім көрді. Әлгі байғұстың: “Енді қатын-балам аштан өлетін болды ғой!..” деп еңірегенде етегі толды. Оған қарап жатқан өкіл мен милиция жоқ”.
Жазушы, қоғам қайраткері Сапар Байжанов “Орыс қызы Татьянаның альбомы” атты мақаласында былай деп жазған:
“Отыз екінші-отыз үшінші жылдардағы ашаршылық жайында сан мәрте естігенім барды... Бірақ та халқымыздың басынан өткен сол бір сұрапыл трагедияның шын сиқын архивте кездейсоқ кездескен осы бір шағын альбоммен танысқанда жаңаша сезініп, жаным дүр сілкінгендей болдым. Альбомның иесі қарапайым ғана орыс әйелі, мамандығы дәрігер хирург ашаршылық жылдары қазақ ауылында тұрған Татьяна Невадовская ол кезде жапжас, не бары 19 жаста, әкесі профессор Гавриил Невадовскиймен бірге 1932-1933 жылдары Алматы маңындағы Шындәулет ауылында “Союзсахар” мекемесінің аймақтық тәжірибе станциясында лаборант болып қызмет істеген.
23 фотосурет жапсырып, қысқаша естелік мазмұндамалар жазылған осынау шағын альбомды Татьяна арада 50 жылдай уақыт өткенде өмірдің санқилы белеңдерін бастан кешіп, әбден есейген шағында Қазақ КСР Орталық мемлекеттік архивіне (269-қор, 1-тізбе, 1-іс) 80-ші жылдарда тапсырыпты. Осы альбомдағы аштық зардабын көрсететін суреттерге байланысты естеліктерінде және “Қазақ трагедиясы” атты өзі жазған 19 шумақ ұзақ өлеңінде орыс әйелі қазақ жұртын қынадай қырған сол ашаршылық тақсіретін қапысыз көз алдыңа келтіреді:
Какой же деспот создал эту пытку,
Иль полоумному пришла такая блажь?
Последнюю овцу, кошму, пиалу, кибитку,
Мол, забирать и ничего не дать.
На небе радостно поют –  трепещут птицы
А на земле страдания, голод, смерть.
Я не умею с этим примириться
Мне тяжело на все это смотреть,
– деп толғайды автор”.
Қазақстанның белгілі демограф ғалымы Мақаш Тәтімов “Мешін жылғы апат” атты зерттеу еңбегінде (“Жұлдыз” журналы 1989 ж. №2) мынадай деректер келтіреді:
“Бұл жылдардың зардаптары өте ауыр болды. Халық орасан көп шығынға ұшырады, ел қатты жұтап кетті. Қазақ халқының болашақтағы демографиялық даму мүмкіншілігі орны толмастай ойсырап қалды. Бір Қазақстанның өзінде ғана 2 млн. 200 мың адамның өмірі әрі мезгілсіз, әрі орынсыз сөнді. Бұл республика бойынша 4 млн. 120 мыңға жетіп қалған қазақ жұртының жартысынан астамы, ал дәлірек айтсақ 51 пайызы еді. 1931-1933 жылдардағы шығын халқымыз үшін мұның алдында болған 1916-1921 жылдардағы күйзеліс кезіндегі шығыннан 3 есеге дерлік, ал 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тура және жанама шығынынан 6 еседен астам көп болды. Осы тарихи салыстырмалар тұрғысынан қарасақ, асыра сілтеудің шығындары, өзінен 210 жыл бұрын болған ең сұрапыл жаугершілік кезең – “Ақтабан шұбырындының” шығындарынан жалпы сан жағынан 2,2 есе, ал процент жағынан 1,7 есе асып түскен. Ол кезең халқымыздың есінде әлі күнге дейін “Ақтабан шұбырынды – алқа көл сұлама” деген атақпен мәңгі қалды. “Асыра сілтеуден – аша тұяқ қалмаған” бұл кезең де халық зердесінен өшер емес. Қазақстаннан тыс көшіп кетіп қалған 1 млн. 100 мың босқындар мен шұбырындыларды қоса санағанда, сол кезеңде ғана республикамыз өзінің байырғы халқының үштен екісінен астамынан біржола айрылып қалды”.
Ұлы халқымыз осындай апаттың талайын басынан өткерсе де, құрып кеткен жоқ. “Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген” деп ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, қайта күшін жинап елдігін сақтады. Қазақ халқының төзімділігі мен жасампаздығы туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Менің халқым бүкіл XX ғасырдың өне бойын өзге халықтардың түстеріне кірсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бастан кешті. Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез тасқыны біржолата мүжіп, біржолата үгіп, біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да, аман қалыпты... Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды”, – деген болатын (Нұрсұлтан Назарбаев, “Ғасырлар тоғысында”. Алматы, “Өнер”, 1996 ж., 268-269 беттер).
Халқының тарихын жақсы білетін Елбасымыз жуырда Назарбаев Университетінде жастармен кездесу үстінде: “Еліміз биыл қазақтардың 40 пайызының өмірін қиған ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтеді”, – деді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде халқымыздың талай қиындықты көргенін тағы бір еске салып, бұдан біз сабақ алып, алға жылжуымыз керектігін атап айтты.
Шынында да, қазіргі жастар халқымыздың өткен кезеңдерде көрген қиыншылықтарын, оның ішінде ашаршылықтан қалай қырылғанын біле бермейді. Сондықтан осы нәубеттің 80 жылдығын атап өте отырып, жастарға бұл кезең туралы көбірек айтып түсіндіру зиялы қауымға парыз дегім келеді. Бұл маңызды іске, әсіресе, білім беру, мәдениет басқармалары, басқа да тиісті органдар атсалысулары қажет.

Comments are now closed for this entry