«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“NUR OTAN” — БАСТЫ САЯСИ КҮШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Евгений Глотов “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Оны партия активіне өңір басшысы, филиалдың төрағасы Құмар Ақсақалов таныстырды.

– Артур Молдағұловтың басқа қызметке ауысуына байланысты орталық аппараттың келісімімен “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Евгений Глотовты тағайындау туралы шешім қабылдадым, – деді Құмар Іргебайұлы. 2013 жылғы тамыз айынан бастап бұл қызметті атқарған Артур Кенжеәкімұлына партияішілік жұмысты жүзеге асырып, материалдық-техникалық базаны нығайтуға сүбелі үлес қосқаны үшін ризашылық білдірілді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тамамдаған Евгений Глотов содан кейін “Болашақ” бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алған. Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстан жастар конгресі жобасының менеджері ретінде бастаған ол әр жылдары “Есірткісіз болашақ” қорының директоры, “Қазақстанның ауыл жастары одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратында бас инспектор, ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды.
– Евгений Сергеевич “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне аса жауапты кезде тағайындалып отыр. Оның өз қызметіне деген жауапкершілігі, көздеген мақсатқа жету жолындағы табандылығы партия жұмысының ілгерілеуіне зор көмегін тигізеді деп үміттенеміз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Евгений Глотов өзіне көрсетілген сенімді ақтау үшін білімі мен тәжірибесін жұмсайтынын айтты.
Жиында Құмар Іргебайұлы 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауының маңызына тоқталды. “Nur Otan” партиясы еліміздегі жетекші саяси ұйым ретінде адамдар мен әлеуметтік топтардың нақты мүдделерін ойлайды. “Бақытты отбасы”, “Құтты мекен”, “Ауыл – ел бесігі”, “Халыққа көмек” сияқты партиялық жобалар осы мақсатты көздейді. Қазір елімізде орын алып жатқан саяси оқиғаларға байланысты партияның алдында бірқатар стратегиялық міндеттер тұрғанын жеткізген Құмар Іргебайұлы өңірімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды қолдау, табысын арттыру, баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамыту, облыстың кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жайлы баяндады.
– Біріншіден, кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50-ден 70 пайызына дейін көтеру (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге) жәрдемақы алатын отбасылардың санын 47 пайызға (2115-тен 3103-ке дейін) арттыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылар үшін әр балаға берілетін айлық төлем алты есе, 3100-ден 20 789 теңгеге дейін артпақ. Мұндай қолдаумен 8296 бала қамтылады. Биылғы 1 сәуірден бастап осындай көмекті тағайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Облыста баспанаға мұқтаж 342 көпбалалы отбасы бар, үстіміздегі жылы 93 пәтер пайдалануға беріледі. Алдағы екі жылдың ішінде бұл мәселені шешуге тырысамыз, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, жұмыссыздар мен өзін-өзі еңбекпен қамтығандарға, соның ішінде толық емес және көпбалалы отбасыларға “Еңбек” бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетіледі. Бағдарлама бойынша несие және грант беру қарастырылған. Құмар Іргебайұлының айтуынша, бұл 1796 азаматқа бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді.
Білім беру және денсаулық сақтау салаларында да өзгерістер жоспарланған. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын қаржыландыру 40 пайыздан 60 пайызға дейін артады. “Емханаларға жүктемені азайту мақсатында биыл “Жас өркен”, “Береке”, “Ойқала” шағынаудандарында отбасылық денсаулық орталықтары ашылады. Өзгерістер ауылды жерлерде де жүргізілмек. Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 20 фельдшерлік-акушерлік орталық пен медициналық пункт ашу жоспарда бар. 12 мың кіші және орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы – 30 пайызға, соның ішінде санитарлық қызметкерлердікі 64 мың, мейірбикелердікі 100 мың теңгеге дейін өседі”, – деді Құмар Ақсақалов.
Солтүстікқазақстандықтардың тұрмысын жақсарту мақсатында жоспарланған іс-шаралар жайлы баяндаған өңір басшысы партия мүшелеріне осы міндеттерді орындауда белсенді жұмыс істеуді тапсырды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp