«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙ БЕЙНЕЛЕНГЕН МУРАЛ алыстан мен мұндалайды

Уақыт өткен сайын бас шаһарымыздың көрікті жерлері көбейіп, көздің жауын алатын сан алуан ғимараттарымен, гүлзарларымен, жайқалған жасыл саябақтарымен қуантып келеді. Бұл жолы жергілікті билік қала тұрғындары мен қонақтарына қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының портреті бейнеленген муралды сыйға тартты. Оны өңір басшысы Құмар Ақсақалов аға буын өкілдерімен бірге тамашалап, бірер күн бұрын ғана толығымен аяқталған жобаға жоғары бағасын берді.

Хәкімнің 175 жылдығына орай Абай және Әуезов көшелерінің қиылысындағы бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасында бейнеленген мурал Құмар Іргебайұлының бастамасымен іске асып отыр. Ол әсем қаламыздың ғажайып келбетіне көрік қосатын, алыстан көз тартатын алып картина салу жөнінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков пен қала басшылығына ұсыныс жасаған. Керамикалық плиталардан жасалған композиция үйдің бір қабырғасын тұтастай алады. Ортасында Абайдың портреті бейнеленсе, жан-жағы қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген. Жоба авторы Болат Әсербековтің айтуынша, туындыға пайдаланылған плиткалардың сапасы өте жақсы. Яғни олар қыстың суығына, жаздың ыстығына төтеп бере алады және кемінде жүз жылға дейін жарамдылық қасиетін жоғалтпайды. «Биыл еліміз бойынша суретшілер мен архитекторлар тарапынан бас ақынымызға арналған бірқатар жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімі мен қала басшылығы маған мурал салу жөнінде ұсыныс білдіргенде, бұған бірден келістім. Өйткені, өзім де Абайға арнап жоба бастауды көптен бері ойлап жүрген едім. Ақын портретін салып жатқан кездің өзінде маған осы маңда тұратын азаматтар хабарласып, ризашылықтарын білдірді. Ал, енді бүгіннен бастап ресми түрде пайдалануға беріліп жатқан еңбегімізді оңынан бағалайтындар қатары бұдан да арта түседі деген сенімдеміз», – дейді автор.
Жоғарыдан мен мұндалап тұрған Абай бейнесіне зер салып, қадіріне бойлаған ұрпақ өткенін ұмытпайтын, асылдарына құрметпен қарайтын толқын болып өсері сөзсіз. Алаңға жиналған ардагерлер мен қала тұрғындары осындай ойға беріліп, тамаша туындыны тудырған жоба ұйымдастырушылары мен авторларына алғыстары мен пікірлерін жарыса жеткізіп жатты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов пен археолог Анатолий Плешаков ақынның бейнесін дөп басып жеткізе білген жұмыс авторының шеберлігін сөз етсе, абайтанушы, ардагер журналист Зарқын Тайшыбай еліміздің беткеұстар азаматтарын есте қалдыратын осындай орындардың көбірек болуына тілектестік білдірді.

   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp