Ел ішінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған тағылымды іс-шаралар жалғасын табуда. Жуырда Алматы қаласында мектеп оқушылары арасында өткен Абайтану олимпиадасы жас буын арасында ұлы ақын мұрасын насихаттауға арналды. Ақын шығармашылығын жан-жақты зерттеп, өзара бақ сынасуға ден қойған жастардың білім додасына ерекше дайындықпен барғанын аңғардық.
Еліміздің 14 облысы мен үш қаласынан жиналған 125 үміткер арасында біздің өңірдің атынан Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Ерасыл Шұғай, Тоғжан Ерсайынова, 9-сынып оқушылары Мөлдір Қалел, Шырайлым Дүйсенова мен Тайынша ауданынан Әміре Ақботай, Аққайың ауданынан Айдын Дәнебаева қатысып, білімдерін сарапқа салды. Айтулы додада жақсы нәтижелерге қол жеткізген Айдын Дәнебаева мен Әміре Ақботай жеңіс тұғырынан көрінді. Ақын шығармаларын жатқа айтудан алдына жан салмаған жерлестеріміздің бірі үшінші орынды иеленсе, енді бірі Алғыс хатпен марапатталды. Үміткерлердің барлығы Абайдай ұлы кемеңгердің шығармашылығын жақсы меңгергені байқауда аңғарылып тұрды. Мәселен, біздің өңірдің атынан барған Айдын Дәнебаева ұлы ақынның шығармаларындағы басты кейіпкерлердің аты-жөнін түгел жаттап алған. Ол, сондай-ақ, “Абай жолы” роман-эпопеяның төрт томы бойынша қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, тапсырмаларды дұрыс орындап шықты.
Өңірімізде данышпан ойшылдың мұрасын танып-білуге ұмтылған жастар қатары аз емес. Абайдың өлеңдерін жаттап, түрлі байқауларда жеңіс биігінен көрініп жүрген жас толқынды көргенде кеудемізді қуаныш сезімі кернейтіні рас. Соңғы кезде мұндай байқаулар мектеп қабырғасында да жиі өткізіліп жүр. Ұйымдастырушылар жас буын арасында Абай шығармаларын кеңінен насихаттап, кемеңгер тұлғаны терең танытуға ден қойған. Осындай игі шаралар көптеп ұйымдастырылғанда ғана Абай мұрасынан бүгінгі ұрпақ нәр алары сөзсіз. Ұлы ақынды тану жастарға ғана жүктелген міндет емес, оның шығармаларын насихаттау ісін аға буын өкілдері мен бүгінде туған тілінен айырылуға айналған ортаңғы буынның ортасында да жүргізген абзал.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жариялаған мақаласында Абайды оқып-білу жүрегі қазақ деп соғатын әрқайсымызға парыз деген болатын. Бүгінде Абай мұрасын насихаттау мектептерде бірінші сыныптан бастап жүргізіледі. Яғни, балалар білім ошағының табалдырығын аттағаннан ақынның өлеңдерін жатқа айтып, қарасөздері мен көркем шығармаларын талдауға машықтанады. Яғни, Абайдың өсиеттері мен тағылымды ойларын санасына құйып өскен жас түзу жүріп, лайықты өмір сүруге талпынады. Бірақ бір қынжылтатыны, ұлы ғұламаның тағылымға толы қарасөздері мен өлеңдерін әр оқушының жүрегіне жеткізу үшін мұғалімге 40 минут уақыт аздық етеді. Ал 11-сынып оқушылары үшінші тоқсанда ғана заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясымен танысып, шығарманың көркемдік және эстетикалық қырын зерделейді. Абайды тереңірек тануға отбасында да зор мән берілсе, ұрпағымыздың жаман әдеттерден аулақ болып, түзу жолмен жүретініне еш күмәніміз болмасы анық.
Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.