Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, абаттандыру жұмыстарының нәтижесімен танысты.
Облыс әкімі алдымен Әуезов көшесінің бойында орналасқан №147 тұрғын үйдің ауласында болды. Бұл мекенжайдағы пәтер иелері кооперативінің төрайымы Нина Клишинаның айтуынша, бұрын жауынды күндері ауладағы ойықтар шалшық суға толып, аяқ алып жүру қиынға соғыпты. Оған қоса үй маңындағы кеңселерге келетін адамдар көліктерін аулаға қойып, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі жасаған көрінеді. Шыдамы таусылған тұрғындардың әкімдікке жүгінуінің нәтижесінде аулаға жаңа асфальт төселіп, шлагбаум орнатылған. Қазір кең әрі қауіпсіз аулада балалар алаңсыз ойнап жүр.
Қала әкімі Болат Жұмабеков атап өткендей, соңғы үш жылдан бері түскен өтініштерді талдай келе әкімдік сайтындағы кезекке 147 аула қойылған. Биылғы көктем-жаз мезгілдерінде 95 аулаға асфальт төселіп, 24 шлагбаум орнатылған. Аулаларды көліктерден босату үшін мақсатты пайдаланылмай келген жерлер әкімдік балансына қайтарылып, олардың орнына тегін автотұрақтар тұрғызылған. Атап айтқанда, үйлердің аулаларында – 25, олардан тыс 20 автотұрақ салынған. Аулаларға бейнекамералар қою жұмысы да қарқын алған.
– Аулалар тұрғындар үшін ыңғайлы болуы керек. Ал қазір үйлердің аулаларында көліктер қалай болса солай қойылады. Балалар ойнайтын жер жоқ. Сол себепті, біз аулаларды көліктерден тазалауды жөн деп шештік. Бюджет есебінен шлагбаумдар орнаттық. Енді пәтер иелері кооперативтері оларды дұрыс күтіп, сақтаулары тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.
Шлагбаум орнатудағы жалғыз кемшілік – арнайы техникалардың аулаға кірулеріне кедергі. Дегенмен, бұл мәселенің де шешімі бар. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі №110 үйдің тұрғындары өздерінің қаражатына шлагбаум маңына мыңдаған көлік нөмірін танитын жүйесі бар “ақылды” бейнекамера орнатқан екен. Мәселен, қандай да бір арнайы техника келген жағдайда шлагбаум автоматты түрде көтеріледі. Сондай-ақ, бейнекамералар аулада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. “Орбита – Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Владимир Грибаның айтуынша, бейнежазбалар бірден Петропавл қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына жіберіледі. Тұрғындардың қуанышына куә болған Құмар Ақсақалов жаңашылдыққа оң бағасын берді.
Бұдан кейін өңір басшысы Интернационал көшесінің бойындағы №27 тұрғын үйдің ауласында атқарылған жұмыстарға көңіл бөлді. Мұнда ескі гараждардың орнына автотұрақ тұрғызылыпты. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйдің балаларына қажетті ойын алаңы да салынған. Жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысқаннан кейін Құмар Ақсақалов жергілікті тұрғындармен тiлдестi. Олардың айтуынша, ауладағы балаларға спортпен айналысатын кешен ауадай қажет.
– Алдағы уақытта бұл тілектеріңіз де орындалады. Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойындағы №8 эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің маңында жеке сектор бар. Биыл ондағы үйлерді сүріп, келесі жылы орнына 2000 орындық жаңа Спорт сарайын тұрғызуды бастаймыз. Өйткені, орталықта тұратын балаларға бұл мақсатта “Жас өркен” шағынауданына бару алыс. Жаңа спорт кешенінде әртүрлі концерттер мен бұқаралық іс-шаралар өткізуге болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі – Уәлиханов және Хименко көшелерінің қиылысында аялдады. Бұл жерде де жаңа автотұрақ пайда болған. Оған көліктерін үш көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары қойып жүр.
Шаһар басшысы Болат Жұмабековтің айтуынша, қазір қалада 55 мың көлік бар болса, 71 мың адам көпқабатты үйлерде тұрады. Яғни, отбасылардың 70 пайызының жеке көлігі бар. Сондықтан қала бойынша тегін автотұрақтар жасау қолға алынған.
– Соңғы жылдары облыс орталығында абаттандыру, жол құрылысы, көшелер мен аулаларды жарықтандыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Қалада 586 аула бар болса, солардың 78 пайызына асфальт төселді. Сонымен қатар аулалардың 58 пайызында балалар ойын алаңқайы салынады. Мәселен, соңғы үш жылда тұрғын үйлердің аулаларына осындай 283 алаңқай тұрғызылса, биыл тағы 58-і пайда болды, – деген Болат Серікұлы алдағы үш жылда бұл мәселе толықтай шешілетінін жеткізді.
Кездесу соңында “Рахат үй” пәтер иелері кооперативінің төрайымы Юлия Андроненко қолдау көрсеткен облыс басшылығына тұрғындардың атынан алғысын білдіріп, аулаларда велосипед тұрақтары салынса екен деген өтінішін айтты. Өйткені, үйдің кіреберісіне қойылған “екі аяқты” көлік құралдары қабырғаларды бүлдіріп қана қоймай, жаз айларында жиі қолды болуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұндай тұрақтарды жасау жобасы қолға алынғанын жеткізді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.