«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» – онлайн дәріс

Мектеп оқушыларының бойына парасаттылық, адалдық сияқты адал қасиеттерді сіңіріп, терең білімнің маңызын түсіндіру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тоқсан сайын «Адалдық сағаты» акциясын өткізіп тұрады. Бүгінгі күні қалыптасқан ахуалға байланысты дәстүрлі «Адалдық сағаты» онлайн форматта өткізілді.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай онлайн дәріс «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» деп аталды. Солтүстік Қазақстан облысында онлайн дәрісті 474 мектептің оқушылары мен 21 колледждің және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері тыңдады.
Ернияз Сұлтановтың отбасында адалдық пен парасаттылық қағидалары кітап пен еңбек арқылы үйретіледі. Ернияз Сұлтановтың өзі 12 жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүр.
«Дәрістің небары жеті минуты ішінде балалар Абайдың ұлағаттарын, оның халық, адалдық, білімнің маңыздылығы туралы ойларын білді. Өз басым мемлекеттік қызметші болғандықтан, жұмысымды адал атқарып, қыздарыма үлгі болуға тырысамын», – деді Ернияз Сұлтанов.
Үш бала тәрбиелеп отырған Қайсеновтер отбасында да тәрбие талаптары қатаң сақталады. Үйдің тұңғышы биыл 11-сыныпты тамамдағалы отыр. 6-сыныпта оқитын ортаншы ұл Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге дайындық үстінде. Кіші қыз 1-сыныпты тамамдауға жақын. «Қашықтан оқу қиынға соққан жоқ. Кіші қызыма ғана сабақ оқуға көмектесемін, ағалары өздері оқиды. Бала тәрбиесінде адамгершілікке көп көңіл бөлеміз. Бізде балалар өздері қабылдаған отбасы заңдары бар. Күн сайын тамақ дайындау және үстел жинау кестесі бар. Мәдени іс-шараларға қатысуға тырысамыз. Жұбайым мемлекеттік қызметте жұмыс істейді әрі маған бала тәрбиесінде көмек көрсетеді», – деді Айнұр Қайсенова.
Бейне-дәріс «EL ARNA» және «Balapan» республикалық телеарналарының эфирінде, «Youtube»-арнасында және агенттіктің және оның аумақтық департаменттерінің, сонымен қатар «Adaldyq alańy» жобалық кеңселерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында екі тілде көрсетілді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp