
Сейсенбі күні облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының мәжіліс залында өңір басшысы Ерік Сұлтановтың, “Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясы” АҚ-ның президенті Еркін Әмірхановтың қатысуымен Энергетиктер күніне және “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС-нің 50 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС-ге 50 жыл толып отыр. Жергілікті тұрғындарды, өндіріс орындарын жарықпен, жылумен үздіксіз қамтамасыз етуде ерен еңбегімен, кәсіби біліктілігімен дараланатын энергетика саласының мамандарына көрсетілетін құрмет пен қошемет те ерекше.
Облыстың энергетиктері мен ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтаған Ерік Хамзаұлы осы жағын баса айтты.
– Бүгін біздің облыстың энергетика саласы ойдағыдай дамуда, өндіріске жаңа заманауи құрал-жабдықтар енгізілуде, технологиялық көрсеткіштер тұрақты түрде өсуде деп сеніммен айта аламыз. Қаншалықты ілгері даму болса да, саланы бұрынғысынша өз ісінің шеберлері басқарады. Жылу-электр орталығын, электр қуатын тарату желілерін, жылу тораптарын салған, біздің облыстың энергетикалық инфрақұрылымының іргетасын қалаған ардагерлер ерекше құрметке лайық. Қиын жағдайда сіздер жоғары кәсіби шеберлікпен барлық энергия кешенінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етесіздер, – дей келіп, өңір басшысы жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады, отбасыларына мықты денсаулық, бақыт, амандық пен жетістік тіледі.
Салтанатты шарада Ерік Сұлтанов энергетика саласының бір топ озатын облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
“Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясы” АҚ-ның президенті Еркін Әмірханов:
– Петропавл жылу жүйелері 50 жылдан бері сапалы жылу мен электр қуатын беріп келеді. Бүгінгі күні компанияда энергия үнемдеуге байланысты ауқымды жұмыс жүргізілуде. Энергетика кешеніне күні бүгінгідей қомақты инвестиция бұған дейін тартылған емес. Сол үшін облыс әкімі Ерік Сұлтановқа ерекше ризашылығымды білдіргім келеді, – деді.
Еркін Адамияұлы көп жылғы және адал еңбектері үшін бір топ сала қызметкерлеріне, ардагерлерге “ТМД-нің құрметті энергетигі”, “Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының еңбек сіңірген энергетигі”, “Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының құрметті энергетигі”, “Ардагер энергетик” атақтары мен ТМД электр энергетикасы кеңесінің және Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының Құрмет грамоталарын табыс етті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.