Қоғамдық тәртіпке жауапты полицейлер өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созады. Облыстық полиция департаментінің басшылығы ерлік танытып, адамдарды құтқарған тәртіп сақшыларына құрмет көрсетті.
Құқық қорғау органдарының ардагерлері мен жас сақшылардың қатысуымен өткен шарада облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Марат Төлебаев ержүрек полицейлерді марапаттап, адал еңбегі үшін алғыс айтты. “Қызметкерлеріміздің әрқашан адамдарға қол ұшын созуға дайын екені қуантады. Мұндай жағдайлар жас полицейлер үшін ерлік пен адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс”, – деді Марат Төлебаев.
Ерлік танытқан сақшылардың қатарында бірнеше күн бұрын Тайынша ауданындағы Рощинское ауылының маңайында жолаушылар тасымалдайтын “Газель” автобусында шыққан өрттен 11 баланы құтқарған ержүрек полицейлер де бар. Облыстық полиция департаментінің автопатруль экипажы құрамындағы аға лейтенант Жігер Балтабай мен аға сержант Батырхан Молдажанов дер кезінде әрекет етіп, жолаушыларды аман-есен сыртқа алып шықты. Құтқарылған балалар басқа көлікпен үйлеріне жеткізілді.
Ал полиция сержанты Денис Комаров осыдан бір ай бұрын биік жардан құламақ болған бойжеткенді құтқарды. Кешкі ауысымнан үйіне қайтып бара жатқан полицей Есіл өзенінің жағалауындағы жардан құламақшы болған бойжеткенді байқаған. Ол жердегі жардың биіктігі – 25-30 метр. Ержүрек полицей бойжеткенге жақындап, сөзге тартады. Өзіне жақындамауды талап еткен қыз әңгімеге алданған кезде оны қапсыра құшақтап, жардың шетінен алып кетеді.
Шараға облыстық білім басқармасының өкілдері де қатысып, оқушыларды өрттен аман алып қалған полицейлерге алғыс айтты.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.