“Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. “Ғылым таппай мақтанба” деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол “Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз”, – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың “Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге” деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет”.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Алыстаған сайын биіктей түсетін тау сияқты заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, ұлы Абай тұлғасының аласармасы анық. Қайта уақыт ілгері озған сайын оның артына қалдырған мұрасы асыл тастай ажарланып, туған елін, ұрпағын биік шыңдарға жетелей береді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” деп аталатын еңбегін оқып шыққаннан кейін осындай ойға берілдім. Осыған дейін Абай атамыз туралы қандай сөздер айтылмады?! Абай – кемеңгер! Абай – данышпан! Абай – ғұлама! Абай – әлемдік деңгейдегі ойшыл!.. Не десек те сыяды. Тіпті, танып, тағылымын бойға сіңіру былай тұрсын, жеріне жеткізіп айта алмай да жатқан сияқтымыз. Абай – құшақ жетпейтін Бәйтерек! Қалың елді адастырмайтын – Темірқазық!
Шын хакім, сөзің асыл –
баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе,
дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған
сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес, – деп ақиық ақын Мағжан да Абайдың ұлылығына бас иген. Осы арада өрекпіген көңілге басу айтып, тізгінді сәл тартар болсақ, осыған дейін Абай оқығандардың, зиялы қауымның ғана ардақтысы, зерттеу нысаны болып келгенін мойындауымыз керек. Мемлекет басшысы өзінің мақаласында біз үшін аса маңызды ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы бір дәттеп отыр. “Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн”,– дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, біздің еліміздің алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешудегі маңыздылығы соқырға таяқ ұстатқандай жан-жақты ашып көрсетілген. Абай өз заманында әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” атты тұжырымдамасы да осы мақсатты көздейді. “Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ” замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн”. Өте дұрыс айтылған. Осыған орай маған бір ой келіп отыр. Терең мазмұнды, аса пайдалы, бағдарламалық мақсаты бар осы мақалада айтылған соны ой-тұжырымдар жерде қалмауы үшін оны зерделеуге, туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға ең алдымен халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс мемлекеттік қызметшілерді, әкім-қарарларды жұмылдыру керек. Олай дейтінім – өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы ұйымдастырылды. Әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытқан бұл шараны Президенттің өзі қолдады. Ал соған әр деңгейдегі әкімдердің, басқа да лауазымды мемлекеттік қызметшілердің таласып-тармасып қатысқанын байқай алмадым. Қолында билігі бар олар да ұлы Абайдың “Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге” деген өнегелі өсиетін көңілдеріне түйсе, өмірге Абайдың көзімен қараса, көп нәрседен ұтар едік. Сонда халықтың да билікке деген құрметі арта түсер еді. Жалпы алғанда, Президент еліміз және халқымыз үшін маңызды, өте күрделі, күрмеуі қиын мәселені қозғап отыр. Өйткені, бүгінгі таңда ақыл-ойдың көзіне деген сүйіспеншілік суынып, қолына газет-журнал, кітап алатындардың қатары жылдан-жылға сиреп барады. Осындайда “қу тілменен құтыртып”, өтірікті жүндей сабап, даңғазалыққа салынсақ, кезекті рет өзімізді-өзіміз алдаған болып шығамыз.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ОЙШЫЛ
“Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ”, – деп Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткендей, қазіргі қазақ баласына ақын шығармашылығын тереңдете оқытудың мәні зор. Тәуелсіздікті баянды ету үшін, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстау үшін Абай мұрасын оқытудың маңызын айтып жеткізу мүмкін емес.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында Абай мен қазақтың егіз ұғым екенін тағы бір дәлелдеген.
Мемлекет басшысы атап өткендей, интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады. “Ұлт болып қалыптасу үшін білімді, интеллектуалды болуымыз қажет екенін білеміз. Ендеше, неге бізге осының барлығын Абайдан алмасқа?! Әрине, аламыз. Біздің осы жылы жоспарланып отырған әр шараның түпкі мақсаты да сол дер едім. Білім саласы болсын, басқа сала болсын, Абайды оқу ешкімге артық болмайды. Керісінше, аларымыз көп екенін ескеруіміз қажет” деген пікірін көкірегі ояу жанның көңіліне тоқығаны анық.
Абай – қазақтың адастырмас темірқазығы. Абайды насихаттау – қазақилықты, ұлттық болмысты жаңғырту. Сондықтан мақалада қозғалған мәселелер өзекті әрі маңызды. ХХІ ғасырдағы қазақ қандай болуы керек? Оның тұрмысы, мәдениеті, әдебиеті қандай бағытта дамуы тиіс? Мұның барлығын Абай айтып кеткен. Ұлттық өзектің мықты болуы да Абай туындыларында жазылған. Абай жайында жерлес жазушы Сәбит Мұқанов: “Данышпандардың бәрі – ақын емес, ақындардың бәрі – данышпан емес, Абай – солардың екеуі де болды”, – деп оның кемеңгерлік тұлғасын аша түскен еді.
Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құнанбайұлынан кейін де талай дүлдүл топ жарып, өздерінің өлмес туындыларын тарту етсе де, Абайдың жұлдызы биік тұратындығы неліктен? Ол ең алдымен Абай шығармашылығының әмбебаптылығы, энциклопедиялығымен түсіндірілсе керек. Лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының негізін салып қана қоймай, осы жанрларды әлемдік биікке шығара білуі, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.
Айман АСАНОВА,
Тимирязев мектеп-интернатының директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.
ҰЛТ ҰСТАЗЫ
Біздің елді әлемге танытатын ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың есімі әр қазақтың жүрегінің төрінен орын алады. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласын оқып, ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай ел ішінде және халықаралық деңгейде өтетін шаралардың нәтижесінде қаламгерге деген құрметіміздің еселене түсетінін ұғындым.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні сияқты ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс” – деген болатын. Шынында да, Абайдың ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, асыл армандарға жетелейді, өзіңді-өзің талдап, таразылауға итермелейді. Ойшыл Абай бұрынғының адамы болса да, оның айтқан әр ойы бүгінгі күні де маңыздылығын жойған жоқ. Ол халқының мүшкіл халін ойлап, өткір сөзімен сол қауіптен құтылар сара жолды көрсетті. Яғни, Абай рухани білімді әлем заңдылықтарының негізгі қайнар көзі ретінде ұсынды. Ендеше, кемеңгерді кеңірек таныту, оның жүрегіне терең бойлау қазақ баласы үшін рухани тәрбиемен сусындаудың негізгі жолы деп білемін. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының Абайдың рухани мол мұрасын жаңа көзқарас тұрғысынан жан-жақты, терең талдауға ұмтылғаны ел тізгінін көреген саясаткер ұстап отырғанын аңғартады.
Мақалада үстіміздегі жылы ұлы Абайдың 175-жылдық мерейтойы лайықты аталып өтілетіні айтылған. Биыл осы мақсатта халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, Абайдың өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және “Абай” телесериалы түсіріледі. Ақынның келер ұрпаққа қалдырған шексіз биік рухани мұрасын зерттеу ісі осындай маңызды шаралармен толықса, бүгінгі ұрпақ ойшылдың данышпандық бейнесін одан сайын тани түсіп, біртұтас ел ретінде болашаққа қадам басары анық.
Ботагөз ТАУҒҰДЫРЕТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары.
БАР ҚАЗАҚТЫҢ МАҚТАНЫШЫ
Биыл ұлы ақынымыз, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында атап өткендей, “…оның өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды”. Президент мақаласында Абайдың 175 жылдығы Қазақстанда кеңінен аталып өтетіні, ел қалаларында Абай орталықтарының ашылатыны жайында атап өтті. Біздің кітапхана ұлы ойшылдың мерейтойына орай Абай орталығын былтырғы жылдың қараша айында ашып үлгерді. Оқырмандарымызға қаламгер жайлы тың ақпараттар беретін мәдени орында ақынның 300-ден астам шығармасы бар. Мұнда, сондай-ақ, “Әлем таныған Абай” атты көлемді кітап көрмесі де орналасқан. Онда Абайдың қазақша шығармаларымен қатар, ағылшын, неміс, француз, ТМД елдері тілдеріне аударылған туындылары да бар. Абайдың бірінші қолжазбасының көшірмесі (Мүрсеиіт Бікеұлы сақтап қалған) және де 1909 жылы Санкт-Петербург баспасынан шыққан (Ілияс Бораганский шығарған) Абайдың бірінші шығармалар жинағы мен 1920-1950-ші жылдар аралығында жарық көрген кітаптары туралы деректерді де табуға болады.
Орталықта Абайға қатысты архив құжаттары мол. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың Абайға арнаған өлеңінің, құнды құжаттардың: орыс патшасына жазылған Абайдың қолы бар хаттың, біздің қаламыздың басты көшелерінің біріне атын беру туралы 2005 жылғы және орталық алаңға Абай мен Пушкиннің мүсінін қою туралы 2006 жылғы шешімдердің көшірмелері көрсетілген.
Ел Президентінің мақаласынан кейін біздің кітапханада да ұлы ақынның мерейтойын ауқымды деңгейде атап өтуге жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта оқырмандар конференциясы, Абай мұрасын талқылау кештері және осы тақырыпта көрмелер ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Былтыр басталған Абай өлеңдерін оқу эстафетасын әрі қарай жалғастырамыз. Бұл челлендж шетелдіктер тарапынан да зор қолдау тапты. Хакім Абайдың өлеңдері Санкт-Петербург, Париж бен Берлин көшелерінде оқылды. Жұртты желіде жұмылдырған шарадан Мемлекет басшысы да шет қалмаған еді. Ол өз мақаласында бұл жақсы дәстүрдің биыл да жаңаша жанданатынына сенім білдіріп отыр. “Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті, әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін”, – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан біз де өз арамызда осы бастамаға қолдау білдірсек деген оймен әлеуметтік желілер арқылы Абай өлеңдерін жатқа айтуды жоспарлап отырмыз.
Ләззат ЖОЛАУШИНОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.