«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫ

 Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы ел бойынша кең көлемде аталып өтті. Хәкімнің туған өңіріндегі руханият тойының дүбірі барша қазақ даласына жетіп, әр өңірде танымдық-әдеби шаралар ұйымдастырылды. Қызылжарлықтар да бірнеше күн бойы рухани кештердің куәсі болып, Абай бұлағынан сусындады.

Ойшылдың туған күнінде еліміздің әр өңірінде ақын ес­керткіштеріне гүл шоғын қою рәсімі өтті. 10 тамыз күні таңер­тең Қызылжар жұртшылығы қала орталығындағы Абай мен Пушкин ескерткішінің маңына жиналды. Онда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, дала данышпаны­ның рухына тағзым етті.

– Сіздерді ұлы ақын, кемең­гер ойшыл, халқымыздың руха­ни шамшырағы – Абай Құнан­байұлының 180 жылдық мерей­тойымен шын жүректен құттық­таймын. Абай – қазақ ұлтының ар-ожданы, сөз өнерінің шыңы, адамгершілік пен парасатты­лықтың символы. Әрбір өлеңі мен қарасөзі – ұлтты ұйыстыра­тын, адамзатты биік мақсаттарға жетелейтін рухани қазына, – деді Ғауез Торсанұлы.

Бұл күні қала жастары орта­лық саябақта бас қосып, көгалда ақынның өлеңдерін оқып, мәде­ни шара өткізді. Бұдан бөлек, ауыл-аудандарда да рухани бас­қосулар өтіп, ойшылдың өлең­дері мен қарасөздері дәріптелді. Мерейтойға орай ұйымдасты­рылған эстафета жалғасын тауып, өнер ұжымдары мен мә­дениет саласының өкілдері жыр оқып, жұртшылықты кітапқа жақын болуға шақырды.

Қызылжарлықтар мерейтой­дың абыроймен өтуіне зор үлес қосты. Елордадағы Ұлттық кі­тапханада Абайдың 180 жылды­ғына орай белгілі ғалым, абайта­нушы Зарқын Тайшыбайдың «Абайтанудың кейбір мәселе­лері» кітабының таныстырылы­мы өтті. Онда жиналған ақын-жазушылар мен ғалымдар кітап­тың қазақ ғылымы үшін құнды еңбек екеніне тоқталды. Ал ақынның туған жері Абай облы­сына аттанған жергілікті өнер­паздар сондағы мәдени шара­ларға қатысып, көпшілікке өз өнерлерін паш етті.

Абай күні қарсаңында Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кі­тапханасында «Ұлы даланың ұлы Абайы» атты шара ұйым­дастырылды. Рухани жүздесуге мемлекеттік қызметкерлер мен қаладағы жастар ұйымдарының еріктілері қатысты. Кәсіпкер Жомарт Омаров жиналғандарға бас ақынның баға жетпес мұра­сы мен оның бүгінгі қазақ қоға­мы үшін маңыздылығы туралы айтып берді.

– Абайға ең алдымен жастар жақын болуы керек. Хәкімді әсіре мақтап, тоқтаусыз тамса­нудың қажеті жоқ. Біз ақын шығармашылығын күрде­лендірген сайын, қарапайым оқырманға түсініксіз бола тү­седі. Абайдан әр адам өз пайым-парасатының деңгейінде мол дүние ала алады, – дейді Жо­март Омаров.

Ал қалалық жастар ресурс­тық орталығының белсенділері облыс орталығындағы Абай мен Мұхтар Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан ақын муралының маңындағы скверде экологиялық акция өткізді. Осылайша жастар Абай рухына құрмет көрсетіп, сквер аумағын тазалады.

И.Шухов атындағы қалалық кітапханада түрлі мекеме қыз­меткерлерінің қатысуымен Абай оқулары өтті. Онда қаты­сушылар ақын өлеңдерін оқып, қызықты мәліметтерге қаны­ғып, білім жарыстырды. Атал­ған кітапханадағы ақын кітап­ тарының саны 100-ден асады екен.

Мерейтойға орай ақынның атын иеленген мектепте облыс­тық конференция ұйымдасты­рылды. Шараға зерттеушілер, білім беру саласының ардагер­лері мен өңір мұғалімдері қа­тысты. Жиналғандар Абай мұ­расын жастар арасында кеңінен насихаттау, мектепте оқыту мә­селелерін сөз етті. Мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақын мұрасының маңызына тоқтал­ды.

– Абай мұрасын бүгінгі жас­тардың рухани темірқазығы деп білемін. Қазіргі таңда рухани жұтаңдық пен құндылықтар дағдарысы жастар өміріндегі күрделі мәселеге айналып отыр. Абай мұрасына үңілу олардың ішкі дүниесін байытып, өмірлік таңдауына жол ашудың маңыз­ды тетігі. ХХІ ғасыр – жаһанда­ну мен цифрландыру үстемдік құрып, дәстүрлі құндылықтарға сын айтылған заман. Ал Абай шығармашылығы осындай сәт­те ұлт болашағына деген көзқа­расымызды бағамдауға мүмкіндік береді, – дейді ақын, М.Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қа­ зақстан университетінің оқытушысы Күләйхан Рахмет.

Жиында облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Орал Жанатов, «Баларман» балабақшасының басшысы Балдырған Ілиясов, өңірдегі Абай атын иеленген мектептердің мамандары баян­дама жасады. Конференция жас өнерпаздардың концертіне ұласты. Дарынды ұл-қыздар күй тартып, Абай әнін шырқады.

– Ұлттық болмысты, салт пен дәстүрді сөзіне арқау еткен Абай өз халқын өзгелермен тең көргісі келді. Ол өз заманында­ғы жалқаулық, надандық, күншілдік, бақастық сияқты кемшіліктерді сынады. Сол ар­қылы елді түзеуге тырысты. Өкінішке қарай, бұл кемшілік­терден әлі де толық арылып болған жоқпыз. Біз бала тәр­биесінде де осы жайды еске­руіміз керек. Ата-аналар да, мұғалімдер де ақын ұстанымдарын басшылыққа алуы тиіс, – дейді «Сенімен болашақ» бірлестігі облыстық филиалының басшы­сы Жанат Мұхамеджанов.

Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлы хәкім туралы «Біз мәдениетті жұрт болсақ, Абайдың бір бет өлеңіне мың бет жору (комментарий) жазған болар едік» дейді. Расында да Абай заманынан бері талай ға­лым оның тереңіне үңіліп, сы­рын ұғуға тырысты. Сонда да заманынан оза туған дала да­нышпаны ұлтына бағыт беріп, уақыт көшінің басында келеді. Ұлтының рухани бағдаршамы­на айналған тұлғаны қоғам әлі де ұғына түсіп, өсиетінен сабақ алуы тиіс.

С.Мұқанов атындағы об­лыстық ғылыми-әмбебап кі­тапханада Абай Құнанбайұлы­ның 180 жылдығына арналған «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шара барысында ұлы ақынның шығармашылығы әр қырынан талданып, Абай мұра­сының бүгінгі ұрпаққа берер та­ғылымы ашылды. Шараны жүргізген жазушы, журналист Жақсыбай Самрат ақынның ұлт тарихындағы орнына тоқталды. Кештің шымылдығын «Ай үні» ансамблі ашып, әуезді әуенімен көрерменді қуантты. Шара ая­сында «Ұлы халықтың ұлы Аба­йы» атты тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақын шығармалары мен зерттеу еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Шарада ақын Сам­рат Құскенов арнау оқып, ай­тыскер Жұмабек Рахимов ән айтты. Ұлттық ұлан академия­сының курсанттары да өнер­лерін ортаға салды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, Тілдерді дамыту орталығының маманы Ольга Петрова Абай тілінің ерекшеліктері жайлы баяндама жасады. Абай атында­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Зарина Канафина Абай жайлы беймәлім деректермен бөлісіп, ақынның өлеңін грек тілінде оқып берді. Жас оқырмандар да шарадан шет қалмай жыр мен күйден шашу шашты.

Диас АЯҒАН, «Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp