Марқұм Қобылан Хамзин Түменнің топырағында туыпты. Оның ата-анасы да жүрек жалғайтын талғажауын Түменнен тапқан тәрізді. Ең өкініштісі – сол Қобылан туа сала әкесі бақилық болады. Әкесі тақуа адам екен. 1970 жылы жайнамаздың үстінде қайтыс болған шешесі де Алланың ақ жолынан ауытқымаған.
Екі-үш жасында Көктерек ауылының топырағына табаны тиген Қобылан кейіннен: “Әкенің алақаны жетіспеді”, – деп отыратын. “Бісмілләсіз” ас ішіп көрмеген Қобылан обал мен сауапқа кішкентайынан қанықты. Анасының сүтпен дарытқан тәрбиесі өз алдына, нағашысы Мансұр қаридың қирағаттаған мақамдарын жаттап алған болатын. Ал есейе келе түрік қариынан арабша оқуды да үйреніп алды.
Қобылан ағамыз милиция қызметкері ретінде полковник шеніне ие болған жоғары баспалдаққа дейін көтерілді. Бейбіт кезеңде “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталған және осындай шенге ие болған қазақ азаматтары жоқтың қасы еді.
Елу жасқа толар-толмасында зейнеткерлікке шыққан ол алған асуын қанағат тұтқанмен, жан дүниесі бос қалғандай көңілі көнши қоймады. Қысқасы, өмір бойы қылмысқа қарсы күрес жүргізумен жүргенінде көңілді марқайтатын рухани салада түк тындырмағанын үлкен мін санады. Айтты-айтпады, ол сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігін өзіне де, өзгеге де таныта алған жоқ еді…
Бұл кісі “Асылды тот баспайды” деген мәтелді тірілте білген азамат еді. Өзінің даңқты жерлестері болып табылатын қаламгерлер Ахметжан Нұртазин мен Ермек Қонарбаевтың өмірдегі және әдебиеттегі жолдары туралы кітабын көпшілікке ұсынды. Марқұм Мәркен Ахметбеков те “Асыл арыстар” деп аталған үшінші кітабының басты тұлғаларының біріне айналды.
“Ақиқат” деп аталатын кітабы – ішкі істер органдарында еңбек еткен отыз жылының жемісі. Сондай-ақ, “Жеті атамызды білейік” деген шежіре кітабы да көп жылғы еңбектің өтеуі еді.
Қабекең туған елі дегенде елжіреп кететін және онымен де шектелмей, қолынан келген жақсылығын ауылынан аямайтын. 1980 жылы Ұлы Жеңістің 35 жылдығы құрметіне Көктерек ауылының Ұлы Отан соғысынан оралмаған 67 боздағына құлпытас қойылды. Оны Қабекең өз ақшасына салды. 2005 жылы оған өз қаржысын салып, жөндеуден өткізді. Онда бес жыл сайын ас беруді ұйымдастырып жүруші еді жарықтық.
1998 жылы қазіргі Ыбыраев ауылының Мәдениет үйінде Ахметжан Нұртазиннің – 90 жасқа, ал Ермек Қонарбаевтың 60 жасқа толуына арналған еске алу шараларын ұйымдастырғаны бар. Сол жолы Көктеректің зиратында болғанымызда аруақтар бір аунап түскендей әсер алған едік.
Ислам дініндегі бес шарттың соңғысы – қажылық екінің біріне бұйыра бермейтін қымбат та қастерлі парыз: оны орындауға әркімнің ақшасы жетпейді, ал қажетті сома қалтаңа түссе, басқасы жетпейді, мәселен, бастапқы төрт шартты тамам қылуың, одан кейін анадан жаңа туғандай пәк қажы атануға іштей дайындығың…
Құдай қалап, 2005 жылдың желтоқсанында қажылық парызын өтеуге аттанды. Жасы жетпістен асып кетсе де, ата қаз сияқты аяғын алшаңдай басқан Қобылан ағамыз, абырой болғанда, қажылықты қапысыз атқара білген еді. Ол үшінші айналғанда-ақ қасиетті қара тасқа маңдайын басып, иіскеп те үлгерді.
Кіші қажылықты атқарғаннан кейін, үлкен қажылыққа дейін үш күн жүріп, ең қымбатты деген үш адамға арнап, умра ғибадаттарын орындады. Қаңтардың 1-і күні кіші қажылығын әкесі Хамза молдаға арнады. Ертеңіне – анасы Салиқа, үшінші күні – нағашысы Мансұр қари үшін умра қажылық жасады. Бұл да тез тындыра салатын іс емес: әуелі Айша анамыздың мешітінде намаз оқисыз; содан кейін “Ләббәйка аллаһума ләббәйк” деп тоқтаусыз айта отырып, “Әл-Харам” мешітінің ортасындағы Қағбаны 7 рет айналасыз; Сафа мен Мәруа тауларының арасында 7 рет жүріп өтесіз; екі рәкағат намаз оқығаннан кейін зәмзәм суын ішіп, умра қажылықты аяқтайсыз.
Үлкен қажылықта әуелі Мина тауында үш рет намаз оқылады, одан соң Арафат тауында – екі намаз, ал Мұздалифа тауында түнеп шығу – зор сауап. Соңғы рет Қағбаны 7 рет айналу – үлкен қажылықтың да парызы. Одан соң Сафа мен Мәруа тауларының арасында 7 рет жүріп – өту сауап.
Бұдан кейін Мәдина қаласындағы Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінде, одан соң Құба мешітінде намаз оқу бақытына бөленесіз.
Меккеде ғана емес, Мәдинада да болып, қажылық парызын атқарған Қабекеңнің көрген-баққаны, міне, осылар еді. Маған да зәмзәм суын татқыза отырып, ол осының бәрін тамсана баяндап бергенінде “Соңғы парыз” деген фильмді көріп отырғандай керемет әсер алғаным бар.
…2011 жылы облыс орталығында Тәуелсіздік стеласы тұрғызылды. Оның айналасы кең болуы үшін 60 жылдан бері шайқалып тұрған бәйтеректерді тып-типыл қылуға тура келді. Қазіргі католиктер шіркеуі бұрын музыкалық училище ретінде сан жылдар бойы әуенімен әлдилеген тұста сонда оқыған, кейін еңбек еткен бір ардагердің: “Осыларды біз отырғызып едік”, – дегені бар. Іңірде құстардың жатақханасына айналатын сыңсыған бәйтеректердің бәрі кесілген жоқ: бір-екеуі қалды.
Сол маңнан таяқ тастам жерде тұрған Қобылан Хамзинге әбден таптаурын болған теңеу – бәйтеректен басқасын лайық көрмей тұрмын. Өйткені, алпамсадай денесі, бес ұлы мен бір қызына ғана емес, бүкіл ауылына қамқорлығы – бәрі де бәйтеректі елестетін. Бастамашы болып жүретін: Құлсары әулиенің басына мазар салайық деп келгені есімде.
2012 жылы арадан аман қалған бәйтеректердің біреуі гүрс етіп құлағанда маңайындағы үйлердің тұрғындары шошып кетті. Тіпті, оның басына қонақтайтын құстар да безе жөнелді.
Бұл күні қайран Қабекең де мәңгілікке көз жұмды. Ақпан айы енді басталған еді…
Болат ҚОЖАХМЕТОВ.