Медицина саласында отыз жылға жуық еңбек етемін. Осынау уақыт көшінде талай сырқат алдымнан өтті. “Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” демекші, жылдар бойы жинақтаған тәжірибе барысында кейбір адамдардың өз денсаулығына немқұрайды қарайтынын аңғардым. Қазір көпшілік басы ауырса, дәрігердің көмегіне жүгінбей-ақ, үйде ем қабылдауды жөн көреді. Бұл дұрыс емес. “Шымшық сойса да, қасапшы сойсын” демекші, әр саланың өз маманы бар. Сондықтан әрбір науқас үйде өз бетінше емделмеуі қажет. Ғаламторда кез келген ақпарат қолжетімді, бірақ бәрі бірдей пайдалы емес. Сондықтан адам әуелі интернетке емес, дәрігердің көмегіне жүгінгені абзал. Өйткені, шалыс жасаған қадам қателікке ұрындыруы мүмкін.
Бүгінде дәріханалардың жұмысы қатаң бақылауда. Бұл құптарлық жайт. Өйткені, бұған дейін кейбір дәріханаларда бірқатар дәрілер рұқсатсыз саудаланды. Бұл провизорлардың қалтасын қампайтса да, қарапайым халыққа тиімсіз еді.
Қазіргі таңда антибиотиктер дәрігердің рұқсатымен ғана сатылады. Дәрілік заттарға шектеу қойылғанымен, сырқаттардың жөнсіз әрекеті көңілді құлазытады. Мәселен, ата-аналар баланың ыстығы көтерілсе, бірден дене қызуын түсіретін дәрі беруге асық. Алдымен баланың ыстығы неге көтерілгенін анықтап алу керек қой. Түрлі сұйықтықтар мен антибиотиктер ішек микрофлорасы қызметінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Жоғарыда айтып өткенімдей, ғаламторда қазір дәрінің кез келген түрі ашық жарнамаланады. Интернетте ұсынылатын дүниенің барлығы қауіпсіз дей алмаймыз. Сол себепті, қандай да бір дәріні сатып алмас бұрын алдымен маманның кеңесіне құлақ асқан жөн. Тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өйткені, адам өмірі ойыншық емес.
Гүлнара ХАСАНОВА,
Ақжар аудандық ауруханасының дәрігері.