Аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан ғұмыр. Шоқан Уәлихановтың өмірі қысқа болғанымен, жұмбақтары көп. Әсіресе туған жерден, туыс-туғаннан жырақта жан тапсыруы туралы түрлі пікірлер бар. Н.Погодин атындағы орыс драма театрында сахналанған «Шокан. Монолог шепотом» қойылымында көптеген сауалдарға жауап берілген. Өткен сенбі-жексенбі күндері спектакльдің премьерасы өтті. Қойылым басталар алдында театрдың екінші қабатындағы фойеде Сырымбеттегі Шоқан Уәлиханов мұражайы арнайы көрме ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
140 жылдық тарихы бар Н.Погодин атындағы театрдың сахнасында Шоқанның өмірі алғаш қойылып отырған жоқ. 1957 жылы режиссер Георгий Пушкарев академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» драмасы негізінде спектакль сахналаған. Қойылымға дайындық барысын бақылауға, тіпті рөлдерге әртістерді таңдау ісіне дейін Сәбең тікелей өзі қатысқан екен. Басты кейіпкерді кейін Қаз КСР-дың халық әртісі атанған Геннадий Шарнин сомдаған. Аталмыш спектакль бірінші республикалық драма театрлар байқауында Қаз КСР Мәдениет министрінің І дәрежелі дипломымен марапатталған болатын.
Ғалымның 150 жылдық мерейтойы кезінде Қаз КСР-дың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Есмұхан Обаев Сәбит Мұқановтың классикалық пьесасын басқа қырынан көрсетуге тырысты. Басты рөлді Қаз КСР-дың еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаев ойнады. 1987 жылы театр ұжымы Мәскеуге гастрольдік сапармен барып, А.Н.Островский театрында көрермендерге аталмыш спектакльді ұсынып, театр сыншыларының жоғары бағасын алған болатын. Арада тағы 25 жыл өткенде Виктор Шалаев режиссер ретінде кезінде өзі басты рөлді сомдаған спектакльді қайта қоюды ұйғарды. Бұл жолы Шоқанды Евгений Патешкин ойнап шықты. Қойылым арқылы басты кейіпкердің ішкі толқынысын, жан тебіренісін көрерменге жеткізуге тырысқан.
Биыл тарихшы, этнограф, саяхатшы, фольклоршы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толып отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр директоры Спартак Рамазановтың бастамасымен осы мерейтойға орайластырыла тағы бір қойылым өмірге келді. Режиссері – Мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов, пьеса авторлары – Ерлан Сыдықов пен Шамиль Джапаров. Басты рөлді талантты актер Айбол Қасым ойнап шықты.
Оқиға желісі Жетісу өңірінде, Тезек төренің ауылында өрбиді. Ауру әбден дендеген басты кейіпкердің көз алдына өмірінде болған кейбір оқиғалар, жанында жүрген жақындары бірінен кейін бірі елестей бастайды. Черняев отрядының құрамында болып, генералдың қарусыз қазақтарға қарсы оқ ату туралы бұйрығына қарсы шығып, әскерден қуылған сәті көрсетілген. Зеңбіректің гүрс-гүрс атылған дыбысы көрерменнің көз алдына Түркістандағы Ясауи кесенесін құлатпақ болып оқ жаудырған жауыз қолбасшыны елестетті. Ресей армиясына қызмет етуден бас тартқаны үшін оны улап өлтірмек болды деген болжам да қойылымда көрсетілген.
Шоқан мен Федор Достоевскийдің бір-біріне хат жазысып, сыр бөлісуі, Омбыдағы кадет корпусында қатар оқыған досы Григорий Потанинмен әзілдері әсерлі шықты. Әкесі Шыңғыспен арадағы келіспеушілік те сахнада көрсетілді, бірақ режиссер екеуін бір-біріне қарсы қойған жоқ, керісінше әкесінің ұлынан үлкен үміт күтіп, 11 жасында кадет корпусына оқуға бергені, сол мақсаты орындалғаны, қазақтың жарық жұлдызына айналған баласына риза екені баяндалған. Сол кезде де, қазір де Шоқанға қаратыла айтылған «орыстың шпионы, сатқын, шоқынған» деп басталатын жалаларға жауап берілген.
Көрермендер де, қойылымнан кейін пікір білдірген театр саласының мамандары да Айбол Қасымның өнеріне жоғары бағаларын берді. Қоюшы режиссер Баатырбек Шамбетовтің кейбір шешімдері өте сәтті шыққан. Мәселен, спектакль соңында Шоқан ажалмен бетпе-бет келіп, бір-бірін дуэльге шақырады. Өлімді жеңген адам жоқ, бәрі жеңілетіні белгілі. Бірақ режиссер бұл жолы Шоқанды жеңімпаз қылды. Осы бір эпизод арқылы «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейтін халық тәмсілін көрерменнің есіне салып, туғанына 190 жыл өтсе де әлі күнге дейін есімі ұмытылмағанын, яғни әлі тірі екенін аңғартты.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».