«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАЛ АЯҚ АСТЫНДА

Үстіміздегі жылы су айдынында алты балықшы қаза тапты. Әуесқой балықшылар қыс мезгілінде балық аулаудың қауіпті екендігін ескеріп, бірқатар ережені естен шығармаса екен дейміз. Қатып қалған су айдынының үстіне шықпас бұрын, мұздың қалыңдығына назар аударыңыз. Жаяу жүргінші үшін мұздың қалыңдығы 7 сантиметрден кем болмауы тиіс. Мұз сіздің салмағыңызды көтере алмайтындай жұқа көрінсе, тез арада жағаға шығыңыз. Ауа райы бұлыңғыр, айналаны тұман басса, боран болса мұздың үстіне шықпаған абзал.

 

Десек те, судың жағасына барып, күтпеген оқиғаға тап болған адам қандай әрекетпен өзіне немесе өзгеге көмектесе алады?! Мұз жарылып, суға түсіп кетсеңіз, ойықтың жиегіне аяқ-қолыңызды тіреп, көлденең жатуға тырысыңыз. Қолыңызды алдыңызда ұстап, арқаңызға жатыңыз. Қауіпті жерден шығу үшін жатып қозғалған дұрыс.

Құтқарар кезде ойыққа еңбектеп жақындаңыз. Қолыңызға тақтай, бұтақ сияқты ұзын зат алып, мұзы ойылған жерге 3-4 метрге дейін еңбектеп жетіңіз. Зардап шеккен адамға қолыңыздағы затты созыңыз. Содан кейін оны судан тартып, жағаға немесе қалың мұздың үстіне шығарыңыз.

Кез келген жағдайда сабырлық сақтаған жөн. Абыржып, сасқалақтаған адам өзінің әрекетіне есеп бере алмайды да, қиындықты жеңбейді.

Егер су айдынының басындағы төтенше оқиғаға куә бола қалсаңыз 112 телефонына хабарласып, құтқарушыларды шақырыңыз. Содан кейін, шамаңыз келсе, зардап шегушіге көмектесіңіз.

Гүлмира САЛЫҚОВА,

“Жедел-құтқару жасағы”

ММ-нің бас құтқарушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp