«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ БОРЫШ

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған маңызды шаралардың бірі – әрбір аулада, үйлерде және кіреберістерінде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу. Адам күшін қажет еткен қиын уақытта бұл жұмыстарды ерікті түрде атқарған әскери қызметшілердің еңбегі атап өтуге лайық.

Облыста дезинфекция жұмыстарына 39 ерікті әскери қызметші жұмылдырылды. Олардың барлығы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызметін өтеп, Отан алдындағы борышын атқарған азаматтар. Арнайы жиын сәуірдің ортасынан бастап, 3 мамырға дейін жалғасып, күн сайын сарбаздар облыс орталығында санитарлық тазалау шараларын жүргізді. Жеке құрамды тасымалдауға арнайы көлік бөлініп, тамақтандыру мәселесі де шешілді.
Әскерилер осы уақыт аралығында 3500-ден астам нысанды дезинфекциялады. Жұмыс облыс орталығындағы тұрғын үйлермен қоса балалар алаңы, аялдамалар мен бекеттерде жүргізілді. Жігіттер таңғы сағат 9.00-ден бастап, кешкі 18.00-ге дейін сыйымдылығы 16 литрлік бүріккішке құйылған дәрілік затты арқалап, қала көшелерін қауіпті вирустан тазартты. Жұмыс сенбі күндері де жалғасты.
–Залалсыздандыру шараларын жүргізбес бұрын Петропавл қаласының инфрақұрылымымен таныстық. Осылайша, тәулігіне 200-ге жуық тұрғын үйді қамтуға тырыстық. Жұмыс барысында айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Керісінше, жұмысқа ынталандыратын жылыжүзді азаматтарды жолықтырдық. Осының нәтижесінде жоспарды толық орындап, алдымызға қойылған межені атқардық. Яғни, облыс орталығын толық залалсыздандырдық, – деді әскери қызметші.
Жергілікті тұрғындар әскери қызметшілердің міндеттеріне түсіністікпен қарап, олардың жұмыстарына риза екендерін айтуда.


Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp