«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА БЕЛСЕНДІЛІК ҚАЖЕТ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада үкіметтік емес ұйымдардың VIII азаматтық форумы өтті. Оның барысында “Мемлекет және азаматтық қоғам: бірлескен іс-әрекеттің жаңа тәжірибесі” және “Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды дамыту” тақырыптарында пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет пленарлық отырыста қатысушыларды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан форумның ашылуымен құттықтап, осы басқосудың бізге берері мол екенін атап айтты. Мадияр Дүйсенбайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйені модернизациялау туралы міндет қойғанына тоқталып, біздің облысымызда бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 195 млн. теңге бөлініп, біраз шара өткізілген. Облыс әкімінің орынбасары көптеген жобаларды үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып қана жүзеге асыруға болатынына баса назар аударды. Бұл ретте аудан әкімдері мен бизнес өкілдерін ауылдардағы бастамаларды қолдауға шақырды. “Туған жер” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер өз ауылдарын өркендетуге мойын бұрғандарын мысалға келтіре отырып, енді мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға да олардың атсалысуы қажеттігін атап көрсетті.

“Солтүстік Қазақстан облысының “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігі ҮЕҰ-дарды қолдау мақсатында “Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы” байқауын жариялаған болатын. Оған қатысуға ниет танытқан ұйымдар өздері жүзеге асырған жобаларының сипаттамасын ұсынған екен. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған он үкіметтік емес ұйым төрағалары өңірдің әлеуметтік және қоғамдық өмірін дамытуға, азаматтық қоғам құруға қосқан үлесі үшін дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Форум жұмысына қатысу үшін арнайы келген Қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері жөніндегі комитеті басқармасының басшысы Қайрат Баймолдинов қараша айында Астанада Елбасының қатысуымен өтетін VIII азаматтық форумға әзірлік қызу жүріп жатқанын, биылғы форумды басқа тұрпатта өткізу жоспарланғанына, сол үшін қазір өңірлерден ұсыныстар жиналып жатқанын атты. Қайрат Дүйсембайұлы бүгінде елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдар тым көп екенін, бірақ солардың 30 пайызы ғана белсенді жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

“Қазақстанның Азаматтық Альянсы” заңды тұлғалар бірлестігі 2005 жылы Елбасының бастамасымен құрылған. Бүгінде ол 500-ден астам үкіметтік ұйымның басын біріктіріп отыр. Еліміздің барлық облыстары мен Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 17 өңірлік құрылымы бар. Альянстың жұмысы азаматтық ұстанымды дамытуға, қоғам, билік және бизнес арасында тұрақты ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған. Азаматтық Альянстың вице-президенті Мұсағали Дуамбеков өз сөзінде биыл бірінші рет ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдармен жиын өткізілгеніне тоқталды. “Елбасы ауылдарда барлық тұрғындардың 42 пайызы тұрып жатқанын айтып, елді мекендердің мәселесіне назар аудару керектігін тапсырып отыр. Биыл ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдардың форумдарын өткізуге қаржы бөлінді. Жастар ауылда тұрақтағысы келмейді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргендері де шамалы. Осындай жұмыстарға соларды тарту керек. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дұрыс идеология жүргізілуі керек”, – деген ұсынысын айтты Мұсағали Сәрсенбайұлы. Астаналық мейман сондай-ақ, Алматы, Қостанай, Жамбыл облыстарында үкіметтік емес ұйымдарға жергілікті билік және бизнес өкілдері қомақты қаржы бөліп, жеке ғимарат салып бергенін мысалға келтіріп, бұл бастаманы біздің өңірде де жүзеге асыруды ұсынды.

Бұдан соң жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ирина Тухватулина атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

Жиын соңында Астанада өтетін республикалық форумға делегаттар сайланды.

Роза ШӘКЕНОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp